«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы жүзеге асып жатыр

Спикерлер:

Елдос Өмірсадық, ҚР ДСМ Инвестициялық саясат департаментінің басқарма басшысы;

Әсел Қыдыралиева, ҚР ДСМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің басқарма басшысы.

2023 жылы ауылдағы ағайын үшін кеңейтілген скрининг енгізілді. Оның шеңберінде бүйрек, асқазан-ішек жолдары, тыныс алу ағзалары, қуықасты безі обыры ауруларын ерте анықтау бойынша жұмыстар жүргізілді.

Кешенді іс-шаралардың аясында 2,5 млн-нан астам ауыл тұрғыны тексерілген. Нәтижесінде 62 мың науқас анықталды. Жылжымалы медициналық кешендердің қызметін 2 млн-ға жуық тұрғын пайдаланған.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының шеңберінде елді мекендерде 570 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысанының құрылысы жүріп жатыр. Өткен жылы 85 нысан салынды. 80 ғимарат жөнделді. Сонымен қатар аталған ұлттық жобаның шеңберінде 32 көпсалалы аудандық аурухана жаңарып, қондырғылармен жабдықталып жатыр. Оларды кадрлармен қамту үшін медициналық жоғары оқу орындарында 2 843 бейінді дәрігер даярланады.

Айта кетейік, қазір ауылдық жерлерде 8 млн-ға жуық адам тұрады. Бұл – халықтың 41%-і. Ауылда тұратындардың 62%-і – ересектер, 38%-і – балалар.