Ақтөбе облысының ауылдарында дәрігер тапшы

Ауылда дәрігер тапшы. Ақтөбе облысының шағын елді мекендеріндегі медициналық амбулаторияларға 100-ге жуық маман қажет, деп хабарлайды 24KZ.

Балалар дәрігері мен инфекционист, анестезиологтарды айтпағанда, терапевт пен жалпы тәжірибе дәрігерлері де қат. Сондықтан шалғайдағы ағайын сырқат шалса, орталыққа бет алуға мәжбүр.

Қурайлы ауылы – облыс орталығының іргесіндегі елді мекендердің бірі. Соған қарамастан дәрігер тапшылығы – бұл ауылға да тән жағдай. Тұрғындар: «жолдамамен келген ақхалаттыға енді бауыр басып, етене таныса бастағанда қызметін ауыстырып кете барады», - дейді.

Әлия Темерлина, Қурайлы ауылының тұрғыны:

- Біздерде енді осы көп алмасады дәрігерлеріміз. Бірақ медицина қызметкерлері, медбикелер жақсы жұмыс істеп жатады. Бас дәрігер жоқ. Терапевт. Өзімізден шықса. Қурайлыдан.

Қазір бұл дәрігерлік амбулаторияға 6 мың тұрғын тіркелген. Барлығын 2 дәрігер кезекпен қабылдайды. 8 медбике бар. Науқастың сырқаты күрделі болса Ақтөбеге жолдап отырады.

Ермек Айталиев, Қурайлы дәрігерлік амбулаторияның аға дәрігері:

- Әрбір дәрігер күніне 20-30 науқас қабылдайды. Жұмыс уақытымыз таңғы 8-ден кешкі 6-ға дейін. Осы уақыт аралығында электронды кезекке тіркелген барлық пациентті қабылдап үлгереміз.

Қазір Ақтөбе облысында 13 аудандық аурухана мен 78 ауылдық амбулатория бар. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдері бұл медицина мекемелерінде 369 дәрігердің еңбек ететіндігін жеткізді. Өңірде ауыл халқының саны 368 мыңнан астам болғанын ескерсек, әрбір ақхалатты жан мыңнан астам науқасқа қызмет көрсетуі тиіс.

Айбек Өксікбаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:

- Сұранысқа ие мамандықтар бізде: жалпы тәжірибе дәрігерлері, жедел жәрдем дәрігерлері, терапевт, акушер-гинеколог, анестезиолог, инфекционисттер және зертханашылар. Педиатрлар жетіспейді. Осындай мамандықтар бізде қазір тапшы.

Облыс орталығымен бірге есептегенде 200-ден астам маман қажет. Бұл мәселе өңірде іргелі медициналық университеттің болғанына қарамастан өзекті боп отыр. Сондықтан салаға жауапты басқарма өкілдері: «жастарды қаржылай ынталандыру жалғаса береді», - дейді. Ауылға көшкен маманға төленетін көтермеақы көлемі 3 млн теңгеге дейін өскен. Сондай-ақ пайызсыз несиеге баспана да рәсімдей алады. Бұл бағдарлама бойынша былтыр Ақтөбе облысының ауылдарына 50 жас дәрігер аттанды.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков.