Экологиялық талаптарды сақтамаған кәсіпорындарға айыппұл салынды

Былтыр экологиялық талаптарды сақтамаған кәсіпорындарға 322,9 млрд. теңге айыппұл салынып, оның 11,3 млрд. теңгесі өтелді.

Жалпы инспекторлар 650 тексеріс жүргізіп, 1700-ге жуық бұзушылықты анықтаған. Бұл жайында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Үкімет отырысында баяндады. Ластаушы заттарды қоршаған ортаға рұқсатсыз тастағаны үшін Қарабатан Ютилити Солюшнз компаниясынан 7,2 млрд.теңге айыппұл өндірілген. «Теңізшевройл» экологияға тигізген зардабы үшін 2,8 млрд. теңге. айыппұл төлеген. Ал жалпы өткен жылы кәсіпорындардан ауаға тараған зиянды қалдықтардың мөлшері азайған. Мәселен, Солтүстік Каспий зауыты шығарындыларды 34%-ға, «АрселорМиттал Теміртау» 16%-ға, «Астана энергиясы» кәсіпорны 22%-ға, Балқаш мыс балқыту зауыты 18%-ға төмендеткен. Министр алдағы уақытта 50 ірі кәсіпорынның жаңа технологияға көшуі зиянды қалдықтарды жылына 900 мың тоннаға қысқартуға мүмкіндік беретінін атап өтті.