Жер сілкінісі кезінде не істеу керек?

Жер сілкінісі кезіндегі 10 негізгі қадам қандай? Ең бірінші сабыр сақтау. Екінші дүмпу кезінде лифт пен баспалдақты қолданбау.

Терезе мен люстрадан алыс тұру. Ғимараттан дүмпу тоқтағаннан кейін бірақ шығу керек. Алматының  сейсмоқауіпті аймақта орналасқаны жиі айтылып жүрсе де, сақтықты кейінге шегеретініміз жасырын емес.

Жер сілкінісінің түнде болғаны үрейді үдеткені рас. Қорқыныштан халық үйді тастап, үдере далаға шықты. Тіпті, терезеден секіріп кеткендер де бар. Асығып, жеделсатыны қолданған азаматтар кездесуде. Мұның бәрі кейбір тұрғындардың төтенше жағдайда қауіпсіздік әрекеттерін білмейтінін көрсетеді. Біз сұрау салған адамдардың көпшілігінде «дабыл сөмкесі» дайын болмай шықты. 

«Дабыл сөмкесінде» дәрі-дәрмек, жылы киім, құжаттар және бірнеше күнге жететін консерві болуы тиіс. Жәй телефон да керек. Оның қуаты ұзаққа жетеді, әрі қолшам ретінде қолдануға болады. Ең бастысы ысқырық салып қойған жөн. Ол көмек шақыруға таптырмайтын құрал. Мұндай қарапайым қағидаларды сейсмикалық қауіпті аймақта тұратын кез келген адамның білгені жөн.    

Мамандар жер сілкінісі кезінде жанар-жағар май бекетіне бару да қауіпті дейді. Себебі, қайталама жер дүмпуінен – жарылыстар, өрттер болуы мүмкін.

Бекболат Бұлабаев, Алматы қаласы ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасы бастығының міндетін уақытша атқурушы:

- Үрейге салынбау керек, үрейге салынбау үшін өзінің іс әрекетін нақты білу керек. Ол үшін өзіңіздің алдын ала жер сілкінісі болмай жатып қай жер қауіпті қай жер қауіпсіз екенін белгілеп қою керек. Үйдің ішінде мысалы қауіпті орындар ол жиһаздың қасы, терезенің тұсы, лифті қолдану ол да қауіпті болып саналады. Баспалдақпты қолдану өте қауіпті.

Мамандар үйде жоғарыда тұрған ауыр заттарды төмен түсіріп қоюға кеңес береді. Сондай-ақ, үй ішіндегі қауіпсіз орындарға көпшілікке белгілі қолшатырдың суретін жапсырып, балаларға түсіндіру керек. Бұл төтенше жағдай бола қалған кезде, үйде үлкендер жоқ уақытта балалардың сақтануына себеп.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Әбен Нарымбаев