Қарағанды облысындағы 4 ауылға ет-сүт өнімін тасымалдауға тыйым салынды

Қарағанды облысының 4 елді мекенінде ет-сүт өнімдерін тасымалдау мен сатуға тыйым салынды.

Өткен жылы мамандар үй жануарларының ауруы тіркелген 22 ошақты анықтаған. Төртеуінде әлі де шектеу шаралары сақталған. Қарқаралы ауданында бруцеллез бен құтыру бойынша шектеу енгізілсе, ал Бұқар жырау ауданындағы Үміткер ауылында өткен жылдың мамыр айында енгізілген шектеу әлі алынбаған. Онда жылқы арасында лимфангит тараған. Басқаша айтқанда, африкалық сап деп аталатын кесел тек жұмыр тұяқты жануарларға жұғады. Оны жұқтырған жылқы денесін ірің жайлап, жүріп-тұрудан қалады. Бір жаманы, індеттің дәрісі әлі табылмаған. Қазір 185 бас жылқының көзі жойылып, 80 бас оқшауда тұр. Жалпы өткен жылы мал ауруы 40 пайызға азайған. Бірақ Топар кентінде ірі қарадан шыққан қарасан ауруы салдарынан бір адам қаза тауып, індет жұқтырған екі адам сауығып шықты. «Осындай қауіпті індет шыққан өңірлерде қауіпсіздік шаралары күшейтілетін болады»,- дейді ветеринарлар.

Қайырбек Тұрсынбеков, ветеринария басқармасының басшысы:

- Инфекциялық ринотрахеит, оспа басқада аурулар бар оларды ошағы тіркелген жағдайда біз үш жыл бойы алдын алу, егу жұмыстарын жүргіземіз. Соған байланысты жыл қортындысы бойынша 5,5 млн ветеринарлық екпе жүргізілді.1 млн 400 мыңға жуық қан сынама басқада сынамалар алынып зерттелген. Сібір жарасынан 1,5 млн бас ауылшаруашылық мал егілді. Оның ішінде ірі қара 480 мыңдай, ұсақ мал 700 мыңдай, жылқы малы 300 мыңдай. Түйе мен шошқа бар.