Марқакөл тұрғындары мал басын сақтап қалу үшін жанталасып жатыр

Шығыс Қазақстандағы Марқакөл тұрғындары мал басын сақтап қалу үшін жанталасып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Омбы қар әсіресе таудағы жылқыға ауыр тиіп тұр. Әзірге шығын жоқ, ауыл халқы оның алдын алу үшін таудағы малды жаппай төмен түсіруді ұйғарыпты. Өйткені күн райының әлі қалай құбылары белгісіз. Осыған дейін 500 бас жылқы омбы қардың ортасынан қауіпсіз жерге жеткізілді. Енді 300 басты аман-есен түсіру керек.

Айта кетейік, Марқакөл биыл ақ ұлпаның астында қалды. Қардың қалыңдығы кейбір жерде 2 метрге дейін жетеді. Ауыларалық жолдар жабылып, қыс шалғайдағы жұртты әбден әбігерге салды. Күні малға қараған шаруалар төрт түліктің қыстан аман шығуына алаңдап отыр. Өйткені күзде жауын-шашын болып, азықтың да берекесі кеткен еді. Дегенмен мамандар жем-шөптен таршылық болмайды деп сендірді. Аумақта жарияланған табиғи сипаттағы төтенше жағдай әлі де күшінде.

Диляра Жылқайдарова, ШҚО ауылшаруашылық басқармасы басшысының орынбасары:

- Дегенмен тау жақтан малын түсірмейміз деген де халық бар. Бірақ біз олардың барлығына егер түсірген жағдайда ол кісілер енді жай-күйі кетіп қала ма деп қорқып отыр ғой малдарының. Оған Марқакөлдің орталығына 100 тонна шамасында жем-шөп дайын тұр.