БҚО-да сүт өңдеу зауыты салынбақ

Батыс Қазақстан облысында 1 миллионға жуық ірі қара бар болса да, халықтың аузы аққа жарымай отыр.

Тұрғындар тұтынатын сүттің 21% ғана жергілікті жерде өндіріледі, ал қалған өнім шекараның ар жағынан, немесе еліміздің өзге өңірлерінен тасымалданады.

Сүтті өндіру де, өңдеу жағы да кенже қалған. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында қазір билік басындағылар сүт зауытын салатын инвестор іздестіріп жатыр.

Оралдық Қанат Дәкешев қала іргесінен шағын шаруашылық ашып, 120 бас симменталь сиырын әкеліпті. Жазда екі тоннадай сүт өндірсе, қазір қыс мезгілінде 40 бастан күніне 400 литр сүт сауады. Айран, қаймақ, көже-қатық жасап базарға тапсырады. Дәмі тіл үйірер табиғи өнімнің тұтынушылары да аз емес. Биыл мемлекеттен 2,5% несие алып, тағы 400 бас зеңгі баба тұқымын әкелмекші. Бірақ сүтті-тауарлы ферманың өнімін қайда өткізері белгісіз. Содан қорқады. Себебі өңірде бірде-бір ірі сүт зауыты жоқ. Оралда өтпегесін, сауылған сүтті былтыр Ақтөбе апарған кәсіпкерлер де болыпты. 

Қанат Дәкешев, шаруа қожалығының басшысы:

- Облыста сүт өткізетін жер жоқ. Бары Береке мен Каверин, олар бәрін өңдеп өткізе алмайды. Былтыр сондай проблема болды кісілерде. Бізде ондай болған жоқ та, шаруашылықтардан естиміз сүт алмай жатыр дегенді. Келесі жылы 400 бас аламыз. Қалғандары 400-400 бастан алғанда облыста сүт өткізетін жер жоқ.

Өңірде Қанаттан басқа биыл тағы 3 кәсіпкер мемлекет қолдауымен сүтті-тауарлы ферма құрып, 400 бастан сүтті сиыр әкелмек. Одан басқа былтыр «Ауыл аманаты» бағдарламасы да осы салаға бағытталып, тұрғындар несиесіне 4000 бас сүтті мүйізді ірі қара алыныпты.   

Рүстем Зұлқашев, облыстық ауыл шаруашылығы  басқармасы басшысының орынбасары:

- Ол өндірілген сүтті не істейміз? Осы жерде ол сүтті өңдеу мәселесі пайда болады. Ол мәселе бар. Біздің бұрыннан келе жатқан сүтті өңдеуші кәсіпорындарымыз жұмыстары жоғары деңгейде емес. Өндіріп жатқан өнім ассортименті аз, пайдаланып жатқан технологиялары ескі. Міне осындай жағдайда осы Батыс Қазақстан облысында жаңа, қазіргі заман талаптарына сай өндіріс орнату керек. Бүгін сол бағытта жиналып жатырмыз.

Орал өңіріне сүт зауытын салғысы келетін әлемге аты мәшһүр компаниялар да бар. Бірақ шикізат тапшылығын тартамыз ба деп жүрексінетін көрінеді. Инвестордың басты талабы - зауытқа жылына 15 мың тонна сүт тапсырылуы, шикізаттан тапшылық тартпауы.

Марат Әбдірахманов, БҚО Кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің мүшесі:

- «Атамекен» арқылы анализ істедік. Қазір қарап отырмыз 35 шаруа қожалығы бар, ЖШС-тер бар сүтпен айналысып жатырған. Олардың болашақ көлемдері шығатын 14900 тонна сүттей шығатын өнім бар. 02-35 Олардың ұсыныстары былай, егер мынадай сүт болып жатса, 15 мың тонна сүт болып жатса олар келеді. Келгенде өздері бүкіл жинау, зертхана бәрін өздері ұйымдастырады. Сүтті өздері алып кетеді, логистика бәрі мойнында болады.

«Күні бүгін болашақ инвестормен келіссөздер жүріп жатыр, Бәйтерек ауданынан зауыт салынатын жер де белгіленіп, бөлінген. Тек өндіру емес, өңдеу жұмыстарын қолға алғанда ғана сауда сөрелерінде сірескен 80%-дай импорттық тауарларды ығыстыра аламыз», - дейді мамандар.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Е. Меңдіғалиев