Талдықорғанда кітап жәрмеңкесі ұйымдастырылды

Талдықорғандағы көркем-өнер галереясында «Jetisu book fair» атты кітап жәрмеңкесі өтіп жатыр.

Жергілікті ақын-жазушылар бір аптаға созылатын іс-шара барысында өз кітаптарын қала жұртшылығына қолжетімді бағада ұсына алады. Жетісу облысының мәдениет басқармасы мен Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапхана ұйымдастырған жәрмеңкеге Алматы мен Талдықорған қалаларындағы кітап дүкендері де қызу атсалысуда. Салтанатты ашылу рәсімінде қалың оқырманға жазушы Қанат Тілеуханның «Шатырдағы әйел» атты жаңа кітабы таныстырылды. Жазушылар одағының атынан келген Бейбіт Сарыбай «соңғы кездері кітап оқылмайды» деген пікірге қатысты өз ойын айтты. Ол Әбіш Кекілбаевтің «Адамды адам қылған – кітап» деген сөзін мысал етіп, «ақпараттық технологиялар қаншалықты қарыштап дамып кетсе де, кітап ақыр-заман болғанша оқыла береді» деп ой қорытты. Кітап жәрмеңкесі аясында көпшілік назарына класcикалық музыка кеші, «Сан сұраққа саяхат» викториналық ойыны және «Библио спорт» алаңында тоғызқұмалақ пен шахмат ойындары ұйымдастырылады.

Нүсіпбай Әбдірахым, ҚР Жазушылар одағының мүшесі:

- Аға ұрпақ өкілдері кітап оқымайды деп айтуға болмайды. Олар енді баяғы жас кезінен кітапқа үйір болып өскен ұрпақтың өкілдері. Кейінгі жастардың көпшілігі кітап оқымайды десек, ол енді жасырын емес. Мынау ұялы телефонға үйір болған заманда олардың көпшілігі рухани байлықтың керемет бір қайнар көзінен ажырап бара жатыр. Алыстап бара жатыр. Сондай кезде осы кітапты насихаттау шарасының ұйымдастырылғаны өте дұрыс болды ғой деп ойлаймын.