Талдықорғандағы ауруханаға жаңа видеоэндоскопиялық кешен берілді

Талдықорғандағы көпсалалы облыстық балалар ауруханасына жаңа видеоэндоскопиялық кешен берілді.

Соның көмегімен дәрігерлер науқастың ағзасын кеспей, тесу арқылы операция жасай бастады. Отаның мұндай тәсілі жаңа туған нәрестелерге де қолданылып жатыр. Жыл басынан бері дәрігерлер екі сәбидің өміріне араша түсіп, оларды аман алып қалды.

Балалар ауруханасындағы жаңа құрылғымен бір жарым айда 30 операция жасалды. Ең күрделісі София есімді бір күндік шақалақтың отасы болды. Дәрігерлер жансақтау бөліміне түскен сәбидің көк етіндегі тесікті тігіп, өкпе тұсындағы ішекті өз орнына түсірген.   

Индира Беделбаева, Жетісу облысының тұрғыны:

- Мұндай диагнозбен балалар көбінесе тірі қалмайды екен. Баламнан айрылып қалам деген ой болды. Қорқыныш болды. Бірақ міне баламның жағдайы жақсы. Бағана шовтарын алып несін көрдім. Аллаға шүкір. Бірінші Алланың арқасы екінші хирургтың арқасы.

Вадим Турускин, көпсалалы облыстық балалар ауруханасы директорының орынбасары: 

- Бұрын мұндай операцияларды кесіп ашық түрде  жасайтынбыз. Ол кезде науқастың сауығу кезеңі ұзаққа созылатын. Ал қазір озық технологияның көмегімен тесу арқылы жасалады. Нәтижесінде балалар тез жазылып кетеді.   

Өткен жылы аурухана дәрігерлеріне 35 мыңнан аса бала қаралды. Соның 2 мыңнан астамына операция жасалған. Ал жақында ғана мамандар аса ауыр хәлде жеткізілген екі жеткіншектің өмірін сақтап қалды.

Мақпал Мұқанқызы, Жетісу облысының тұрғыны:

- Бүгін міне қырқыншы күн. Кіші балам 30 күн дегенде больницадан шықтық. 35-40 пайызбен, кіші балам түсті. Үлкен балам 70 пайызбен түсті. Қазір алдыңғыға қарағанда жақсы. Денесі бәрі жазылды. Енді аяғы. Осы кісілердің арқасы. Балама екінші өмір сыйлаған. Маған екінші өмір сыйлаған. Алғысым шексіз.

Қуандық Кенжебайұлы, көпсалалы облыстық балалар ауруханасы директорының орынбасары:

- 2023 жылы біздің мамандар Түркия еліне барып білімдерін жетілдіріп келді. Ол жақта неонатальды хирургия және балалар политравмасын жетік меңгеріп келді профессорлармен. Биыл бұйырса кохлярды операцияны жүзеге асыру жоспарда бар. Қазір мамандарды дайындап жатырмыз. 

Емдеу мекемесінде 260 медицина қызметкері еңбек етеді. Ауруханаға әлі нефролог, кардиоревмотолог сынды дәрігер керек. Тұтас денсаулық сақтау саласына ортақ ең өзекті мәселені шешу үшін өңірде арнайы бағдарлама дайындалды. Енді Жетісу облысына көшіп келген әр маманға көтермеақы төленеді.

Арман Жансеңгіров, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Биыл алғаш рет бюджеттен 650 млн теңге бөлінген. Қазір бізде 186 маман жетпейді. Мамандарды тарту үшін қалаға 5 млн, ауылға 10 млн теңге бөлінеді. 70 маман жоспарлануда.

Биыл қырық жылдан аса тарихы бар балалар ауруханасының ғимаратын тұтастай жаңарту жоспарланып отыр. Сонымен қатар облыстағы тоғыз ауылға емхана салынып, 23 шағын модульді кешен тұрғызылады.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов