Риддер қаласында қардан аяқ алып жүру мүмкін емес

Риддер қалың қар құрсауында қалды.

Қаладағы коммуналдық қызмет өкілдері екі ауысымдық жұмыс кестесіне көшкенімен айтарлықтай нәтиже жоқ. Аумағы 70 мың шаршы шақырымға тең Риддерді қардан небәрі 13 техника тазартып жатыр. Бұған қоса Шығыс Қазақстан облысына көктемгі су тасқынынан төнетін қауіп жоғары. Осыған байланысты Үлбі өзенінде мұз жарылып, қауіпсіздіктің алдын алу шаралары жүріп жатыр.

Риддер қаласында омбы қардан аяқ алып жүру оңай емес. Тұрғындарға діттеген жерге жету қиындай түсті. Коммуналдық қызмет өкілдері аула мен жолдарды қардан тазартып үлгермей жатыр.

- Вот смотрите вот такой вот огромный сугроб-это гора снега которая закрывает обзор. 

Қоғам белсендісі Анна Васильева бұл мәселе бойынша әкімдікке шағым айтудан шаршағанын айтады. Желтоқсан айынан бері бірнеше хат жолдап, жөні түзу жауап алмаған.   

Анна Васильева, Риддер қаласының тұрғыны:

- Әкімдік жұмысына көңілім толмайды. Көшелерді қардан тазарту жұмыстары сылбыр.

Қала шетіндегі шағын аудан тұрғындары да әбден ашынған. Осы күнге дейін көшені қардан тазартқан техника көрген жоқпыз, дейді.

БЛИЦ

- Крылов атындағы көше бар. Ол жерде көлік түгілі адам жүре алмайды. Қар тазартып жүрген коммуналшыларды байқаған жоқпыз.   

- Биыл қар мол жауды. Жауапты мамандар тазартып үлгіре алмай жатыр. 

Ал шенеуніктер тұрғындардың пікірімен келіспейді. Айтуларынша, қардан тазарту жұмыстары ұдайы жүргізіледі. Арнайы 13 техника жұмылдырылған. Ал аула тазалаушылар екі ауысымдық жұмыс кестесіне көшкен. 

Рауан Құрметұлы, Риддер қалалық ТҮКШ, Жолаушылар көлігі және автожолдар бөлімі басшысының орынбасары:

- Біз табиғаттың мұндай тосын сыйына дайын болмадық. Қар 15 күн бойы тоқтамай жауды. Соның кесірінен коммуналшылардың жұмысы қиындап кетті. Бірақ жұмыстарды өз деңгейінде атқаруға тырысып жатырмыз. 

Риддерді көктемгі су тасқынынан қорғау жұмыстары да күшейтілді. Қазір Үлбіде сең қозғалғанша мұз жару кезеңі басталды. 

Сергей Бородин, Риддер қалалық ТЖБ бастығының орынбасары:

- Мұз жару жұмыстары 9720 шаршы метр аумақта жүргізілді. Салмағы 675 келі болатын жарылғыш зат қолданылды. Қазір Бутаково ауылының маңында өзен суының деңгейі 20 сантиметрге төмендеді.

Синоптиктердің болжамынша, ақпан айында да қар көп жауады. Демек жедел құтқару және коммуналдық сала қызметтеріне бұған да сақадай сай дайын болу маңызды.

Ақмарал Есімханова, Вячеслав Ветлугин және Дмитрий Пыхтин