ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің цифрлық форумы өтті

Елімізде алғаш рет Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттердің цифрлық форумы өтті.

Маңызды жиында ІТ индустрияның қазіргі трендтері мен даму мүмкіндіктері талқыланды. Қазақстан тарапы ұйымға мүше елдердің технопарк Алянсын құруды ұсынды. Бұл саланы бірлесіп дамытуға, өзара тәжірибе алмасуға жаңа мүмкіндіктер береді. Жасанды интеллектінің дамуы адамзат үшін бірқатар қатер төндіруі де мүмкін.

Қуандық Танабас, тілші:

- Әлем әп-сәтте жасанды интеллект пен цифрландыру дәуіріне қадам басты. Ал таяу болашақта АйТи технологиялар эволюциясы қандай болмақ? Әлемнің жетекші сарапшыларының басын қосқан Диджитал Алматы халықаралық форумының басты тақырыбы да осы «Х индустриясы – Болашақтың цифрлық эволюциясы».

Қазір цифрлық технология экономиканың қарқынды дамуына ықпал ететін басым бағытқа айналды. Кемел келешекке қадам басқан әр мемлекет оның ұтымды әрі озық үлгілерін пайдаға жаратқысы келеді. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің цифрлық даму министрлері мен технопарк өкілдерінің ойы бір арнада тоғысты. Әрқайсысының АйТи индустрияда айтар ойы, бөлісер тәжірибесі бар. Ендігі бағыт – цифрлық қауіпсіздік. 

Григорий Логвинов, ШЫҰ Бас хатшысының орынбасары:

- Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің цифрлық даму деңгейі әртүрлі. Мақсат – осы теңсіздікті туралау, өзара тәжірибе алмасу. Бұл бағытта 2009 жылдан бері сарапшылар тобы жұмыс істейді. Олар әріптестіктің практикалық түрде жүзеге асуын қамтамасыз етеді. Тағы бір басты бағыт – цифрлық қауіпісіздік. Қазір терроризммен қатар кибершабуылдан төнетін қауіп жоғары. Ұйымға мүше мемлекеттер осы бағытта тізе қосып, іс-әрекет жасауы керек.

Ұйымға мүше елдердің технологиялық әлеуеті зор. Шоқтығы биік елдердің бірі Қытай. Үндістанның да бағындырған белесі аз емес. Қазір Орталық Азия елдері де цифрлық әлемде топ жарғысы келеді. Бұл ретте тәжірибесі мол Қазақстан ұйым шеңберінде серіктестерімен ынтымақтастығын арттыруға дайын. Еліміз онлайн қызметтердің сапасы бойынша әлемде 8-орын, ал Электронды үкіметті дамытудың ғаламдық индексінде 28 орында тұр. Демек, Қазақстанның үйренері ғана емес, үйретері де көп.

Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

- Біздің бірінші ұсыныс – ұйымға кіретін елдердің технопарктерінің Алянсын құру. Яғни стартап иесі ұйымға енетін кез-келген елдің цифрлық ресурстарына, каворкинг орталықтарына қол жеткізе алуы тиіс. Екінші ұсыныс – аймақтық дэйта хабтарды құру. Оны Қазақстанда ашуды ұсынамыз. Яғни компаниялар өздерінің серверлік ресурстарын осында орналастыра алады. Сондай-ақ, біздің ұйымға үш бірдей ғарыштық держава кіреді. Осыны пайдаланып, жерді қашықтан зондтаудың бірлескен жүйесін құруға болады.

Алқалы жиын маңызды келісімдер жасалатын форум ғана емес, ол әр елдің технологиялық жетістігін паш ететін ауқымды көрме алаңы. Мұнда «ақылды өндіріс», «бұлтты технологиялар», «жасанды интеллект» саласындағы көшбасшы компаниялардың бірегей өнімдері ұсынылған. Форум аясында олардың біразымен келісімшарттар жасалып, меморандумдар бекітілді. 

Павел Ткач, Беларусь Республикасы Байланыс және ақпарат министрінің бірінші орынбасары:

- Әрине осындай кездесулер екі жаққа да өте тиімді. Мұндай алаңда біз жаңа әріптестер табамыз. Бүгін біз бірқатар келісімшарттарға қол қойдық. Белоруссияның да цифрландыру саласында бөлісетін тәжірибесі мол. Мәселен, біз кеңжолақты интернетпен қамту саласында ауқымды жұмыс атқардық. Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясындағы осы байланыстарымыз цифрландыру саласында біркелкі дамуымызға жол ашады.

Диджитал Алматы форумы тағы екі күнге жалғасады. Оның барысында пленарлық отырыстар, үздік стартаптар сайысы ұйымдастырылады.