Жезқазғанда бассейн жоқ

90 мың тұрғынға арналған ескі нысан 6 жыл бұрын жабылып қалды, деп хабарлайды 24KZ.

Үлкен бассейнді күтіп ұстауға меншік иесінің шамасы жетпеген. Кейін бассейні бар сауықтыру кешенінің құрылысы қолға алынғанымен, ол басталмай жатып тоқтап қалды.  

Қос мердігер арасында дау туып, соттасуға дейін барды. Сақалды құрылысты жергілікті билік инвестордың қаржысына салатын болды.

Бассейннің жоқтығы әсіресе байдарка мен каноэде ескек есушілер үшін қиын болып тұр. Константин Уткиннің шәкірттері 6 ай қыста физикалық дайындығын сақтап тұру үшін жабық бассейнде жаттығатын. Ол үрдіс үзілгелі де 5 жылдан асты. Көптеген халықаралық бәсекеде жүлде салып жүрген спортшылар жүзудің орнына шаңғы тебуге мәжбүр. 

Константин Уткин, спорт мектебінің директоры:

- Бұрыңғы бассейн жұмыс істеп тұрғанда ол жерге жиі баратынбыз. Спортқа енді аяқ басқан жастарға жүзуді үйрететін едік. Ал ересек спортшылар судағы шыдамдылығын арттыру жаттығуын жасайтын. Қазір оған мүмкіндік жоқ. Жүзу бассейні бар сауықтыру кешенінің құрылысы тезірек аяқталса деген тілегіміз бар.

Жұрт асыға күтіп отырған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы 2020 жылы басталды. Бюджеттен 1,8 млрд теңге бөлінген нысанның тек іргетасы ғана қаланды.

Мәруа Келмағанбетова, қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:

- Мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындысына келіспеген екінші компанияның сотқа беру нәтижесінде нысанда құрылыс жұмыстары тоқтап қалды. Соңғы соттың шешімі 2022 жылдың қазан айында шықты. Себеп ұзақ уақыт сот процестерінің жүруіне байланысты болды.

4 жыл тоқтап тұрған құрылыс жақында қайта жанданды. Облыс әкімдігі мен ірі кәсіпорын арасындағы меморандум аясында кешен құрылысы инвестициялық қаражат есебінен салынып жатыр.

Ержан Мырзабеков, техникалық қадағалаушы:

- Авторлық надзор бар, техникалық надзор бар, бақылау күнделікті жүргізіліп жатыр. Сапасы нормаға сай. Материалдың барлығы уақытылы келіп жатыр. Жұмыс күші жеткілікті болып тұр.

Мұнда спорттың барлық түрі бойынша үйірмелер жұмыс жасайтын болады. 320 көрерменге арналған трибуна қарастырылады. Жоба құны – шамамен 8 млрд теңге. Стандартқа сай 25 метрлік бассейн салынады. Құрылыс жұмыстары жоспар бойынша жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева.