2 ақпан – Ұлттық басылым күні

Бүгін – ұлттық басылым күні.

Былтыр «Қазақ» газетінің тұңғыш саны жарық көрген 2 ақпан ұлттық басылым күні ретінде белгіленген еді. Газеттің алғашқы саны осыдан 111 жыл бұрын шыққан.

Осы басылым арқылы Алаш ардақтылары халқымыздың ақыл-ойын, сана-сезімін бөлек арнаға бұрды. Яғни, жастарды сауат ашып, білім алуға шақырды. Атаулы күнге орай біздің тілшілеріміз «Қазақ» газетінің тарихына үңіліп көрді.  

Гүлшат Әбікова, ҚР Ұлттық кітапханасы сирек кітаптар мен қолжазбалар қызметінің жетекшісі:

- Бұл – осы «Қазақ» газетінің эмблемасы. Бұл деген – «Қазақ» газеті, бас жағына қазақ деп жазылып, түңлігі батысқа қарай ашылған. Бұл деген зиялы ағаларымыздың батыстың білімін алып, ғылымға, білімге деген есігімізді аштық деген мағынада.

Ұлттың үнжарғысына айналған газеттер қазір Алматыдағы Ұлттық кітапхана мен Ғылым ордасында сақтаулы. 1913-1918 жылдар аралығында басылымның 266 нөмірі шыққан. Тиражы 3 мыңнан 8 мыңға дейін жеткен кезі болған. Газет Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы және Жанұзақ Жәнібекұлының басқаруымен басылды. «Қазақ» газеті сол кезеңде жалпы мұсылман, түркі жұртына түсінікті қаріпте басылып шығып тұрды. Сол кездің өзінде халықтың көкейіндегі әртүрлі тақырыпты қамтыды.

Абай Мырзағали, баспасөз зерттеушісі:

- «Қазақ» газеті сол алғашқы ұлттық басылымдардың бірегейі болды. Ол газет жалпы сипаты жағынан, көлемі жағынан, ұстанған бағыты жағынан осы  қазақ ұлтын біртұтастандыру, ұлтты бірігуге шақыру, мемлекеттік құрылысты жасақтауға, алғашқы «Алаш» партиясының сьездері осы газетте жарияланған болатын.

Қазақ даласында бұған дейін де басылымдар болған. «Түркістан уәлаяты», «Дала уәлаяты», «Серке» сияқты газеттер шыққан. Бірақ ел мүддесін көздеген  «Қазақ» газетінің орны бөлек, - дейді баспасөз зерттеушілері.

Абай Мырзағали, баспасөз зерттеушісі:

- «Қазақ» газетінен бұрын «Қазақстан» газеті болсын, 1911 жылы шыққан «Айқап» журналы болсын, ол басылымдарда осы ұлттық мәселелер көтерілді. Бірақ өз деңгейіне, соңына дейін жете алмады. Ал соңына дейін жетіп, партиялық бағдарламаға дейін «Алашорда» ұлттық үкіметін жасақтаған кезге дейінгі кезеңді бірте-бірте эволюциялық тұрғыдан бәрін басынан кешірді деп айтуға болады.

Сондықтан «Қазақ» газеті шыққан күнді Ұлттық басылым күні ретінде атап өту тарихымызбен, Алаш арыстарының жанкешті еңбектерін ұрпақ санасында жаңғырту үшін керек. Ең алғаш «Қазақ» газетін зерттеген ғалымның бірі Үшкөлтай Субханбердина екен. Ол ондағы мақалалардың библиографиялық көрсеткішін жасаған.

Гүлшат Әбікова, ҚР Ұлттық кітапханасы сирек кітаптар мен қолжазбалар қызметінің жетекшісі:

- 1998 жылы Үшкөлтай Субханбердина, Сәрсенбі Дәуітұлы, Қайрат Сақ бірлесе отырып, Қазақстан энциклопедиясы баспасынан осы «Қазақ» газетінің 1913-1918 жылғы атауындағы жылдарды зерттеп, аударып, ішіндегі ең құнды деген халыққа қажетті деген ақпараттарды, міне, алғашқы кирилл әрпіне түсірілген кітабы осы.

«Қазақ» газеті еліміздегі салалық журналистикаға да жол ашты. Бірінші және соңғы беттерінде жарнамалар беріліп тұрды. Осылайша, ұлттың намысын жанып қана қоймай, қазақша маркетинг, жарнаманы бір ізге түсірді. Былтыр газеттің әр жылы шыққан сандары жеке-жеке кітап болып басылып шықты.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сұлтан Бейсекенов.