Өндірісті роботтандыру арқылы өнім көлемін 4 есе ұлғайтуға болады

Ал шығынды 5 пайызға қысқарта аласыз.

Бұл туралы Digital Almaty 2024 форумында шетелдік сарапшылар айтты. Мамандардың есебінше былтыр әлемде 550 мыңнан астам өндірістік робот іске қосылған. Соның тең жартысы көршілес Қытай елінің үлесіне тиеді. Жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орын алатын Қазақстан үшін де өндірістік роботтарды іске қосу маңызды. Бұл бүгінгі уақыттағы бәсекеге қабілетті болудың негізгі шарты. Форумда өнімділігі жоғары робот дәнекерлеуші таныстырылды. Сарапшылар: «жоғары оқу орындарында техникалық мамандыққа басымдық беріп, роботизация саласын терең оқыту керек» дейді.

Александр Папп, кәсіпкер:

- Қазақстан үшін өндірісті роботтандыру өте қажетті және тиімді. Қазір зауыттар мен фабрикаларда білікті мамандар жетіспейді. Осы мәселені робот арқылы шешуге болады. Әрине роботтар арзан тұрмайды. Бірақ ол өзінің құнын ақтайды. Бұл салаға әлемнің назары ауып отырған сәтте уақыт жоғалтпауымыз керек.

Андреас Франк, кәсіпкер /Германия:

- Қазақстанда өнідірісті автоматтандыруға мүмкіндік жоғары. Мұнда жаңадан кәсіпорындар мен зауыттар көптеп салынып жатыр. Сондықтан да жылдам әрі мол өнім алып, экспорт көлемін арттыру үшін міндетті түрде жаңа технология енгізу керек. Ол үшін талантты жастарға қолдау көрсету қажет.