«Жаңбырлы ғұмыр» телехикаясы көрерменге жол тартады

«Хабар» телеарнасы тағы бір тың жобаны көрермен назарына ұсынады.

Жақын күндері экранда «Жаңбырлы ғұмыр» телехикаясының тұсауы кесіледі. Туындыда тағдыр тәлкегіне түскен Рая есімді кейіпкердің оқиғасы баяндалады. Ол ұзақ жылдар бұрын сатылып кеткен сәбиін іздейді. Перзентін іздеп шыр-пыр болған анаға құзырлы органдар да тиісті көмек көрсете алмайды. Бауыр еті баласы үшін қылмыспен пара-пар әрекетке барған ана телехикая барысында түрлі қиындықтарға тап болады.

Қылмысқа тосқауыл қоюдың жолы - жаза. «Жаңбырлы ғұмыр» телехикаясының бағыты да осы. Тура жолдан тайғандар жауапкершіліктен құтылмайтынын меңзейді. Көрерменге жол тартатын тың туындыда қоғамда қызу талқыланатын зорлық-зомбылық, сәби саудасы секілді заңсыз әрекеттер суреттеледі.

Индира Құлмағанбетова, актриса:

- Тағдырдың тәлкегіне түскен қыздың әрекеті ғой. Оны жағымсыз кейіпкер деп атауға да болмайтын шығар. Өйткені шындыққа қол жеткізу үшін қылмысқа да барған қыздың әрекеті ғой.

Түсірілім алаңында екі жүзден астам адам еңбек етті. Кәсіби актерлерден бөлек, өрт сөндірушілер, медбикелер, тәртіп сақшылары да жұмылдырылды. Тіпті «Бүркіт» жасағы да шақырылды. Әр саланың мамандары өздеріне жүктелген міндеттерді жоғарғы деңгейде орындады.

Айнұр Қалмұратова, «Жаңбырлы ғұмыр» драмасының продюсері:

- Бұл шынайы оқиғаға негізделген деп айтсақта болады. Өмірде болып жатқан жағдай. Анасы туған кезінде балаңыз өлі деп сатып жіберген баласын. Бұл болған оқиға. Ол әйел қазіргі таңда үлкен апа. Әлі күнге дейін баласын іздеп келеді. Көзі жеткен сатылп кеткеніне, бәріне. Бірақ әрине арада қаншама уақыт өткен баласымен сол күйінде қауыша алмады.

«Жаңбырлы ғұмыр» драмасының сценариін жазған – Нұржігіт Хайдар. Режиссері – Төребек Бейсебаев. Телесериалға жүрек елжіретер ерекше саундтрек жазылды. Авторы – белгілі композитор Ұлықпан Жолдасов.

Байтанат Эділбек, саундтрек орындаушысы:

- Саундтрек жазған кезде әнін, әуенін  Ұлықпан Жолдасов берген бізге. Ұлықпан ағаның әндері, білесіз ғой енді лирикаға толы. Сол әнмен өмір сүріп мен біраз ауырғанмын.

15 сериядан тұратын туындыны көрермен жуырда дүйсенбі мен жұма аралығында сағат 21:45-те «Хабар» арнасынан тамашалай алады.

Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Жандос Битабаров