БҚО-дағы ауыл мұғалімдеріне үстемеақы төленбеген

Батыс Қазақстан облысындағы ауыл педагогтарына 250 миллион теңге үстемеақы төленбеген.

Мұндай заңсыздықтар Сырым ауданындағы балабақшалар мен мектептерде анықталды. Коррупцияға қарсы қызмет өкілдерінің айтуынша, 3 жылда 1200-ге жуық білім саласының қызметкері тиісті төлемақыларынан қағылған. Олардың жалақысына 10 пайыздық үстеме қосылуы тиіс болған. Заң бұзғандар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Мұратбек Қасымов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары:

- Ерекше еңбек жағдайлары үшін лауазымдық жалақының 10 пайызы мөлшерінде үстемеақы белгілеу қажет. Алайда Сырым ауданының білім бөлімі 2020-2023 жылдар кезеңінде 26 білім беру ұйымының 1195 қызметкеріне осы үстемеақыны төлемеген. Департаменттің араласуынан кейін білім бөлімі тарифтік тізімге өзгеріс енгізіп, жалақы қайта есептелді.