Ақмола облысындағы жол апатына қатысты тергеу басталды

Ақмола облысында жол апатына түскен оқушылардың жағдайы қалыпты.

«Қазір сегіз баланың үшеуі ауруханадан шықты. Қалғаны Көкшетау және Сандықтау аудандық ауруханасында ем қабылдап жатыр. Олардың өміріне ешқандай қауіп жоқ», - дейді дәрігерлер.

Еске салайық, 4 ақпан күні оқушылар мінген шағын автобус жол апатына ұшырап, бір адам көз жұмған еді. 

Қайғылы оқиға Көкшетау - Атбасар тасжолдында болған. Автобустағы он бес жолаушының сегізі оқушы. Олар Көкшетауда өткен жайдарман ойындарынан үйлеріне бара жатқан. Бірақ Сандықтау ауданының тұсында жүргізуші рульге ие бола алмай, қарсы жолақтағы жеңіл көлікке соғылған. Салдарынан 20 жастағы Ниссан маркілі темір тұлпардың иесі қаза тапса, жолаушылар аудандық ауруханаға жеткізілген.

Жандос Маханов, сандықтау аудандық ауруханасы бас дәрігерінің м.а:

- Қазіргі таңда Сандықтау аудандық ауруханасында жалпы 5 адам жатыр. Оның үшеуі бала. Екі үлкен кісі. Көпбейінді облыстық ауруханадағы бір үлкен кісінің жағдайы ауырлау. Әртүрлі жарақаттар алған. Оның ішінде бұғананың сынуы, жұмсақ тіндердің көгеруі, балтырлардың жарақаты, білек пен жақтың сынуы. Сол себепті тиісті ем-дом шаралары жасалып жатыр.

Оқушылардың жайдарман ойындарына кеткені туралы білім басқармасы бейхабар боп шықты. Себебі, балалар күнделікті екі ортада қатынайтын жекеменшік автобуспен барған. Ал тәртіп бойынша оқушылардың мектептен тыс шараларға тек полицияның ілесіп жүруімен қатынауға рұқсат.

Шоқан Оразалин, білім басқармасының басшысы:

- Бізде оқу уақыты кезінде 70-ке жуық іс-шара өтеді. Олар олимпиадалар болсын, жарыстар болсын, жанағы квндар болсын. Олардың бәрі бізде жоспарланып белгіленген шаралар. Бұл жерде облыс үлкен болғасын балаларды тасымалдауға тура келеді. Бірақ, міндетті түрде жол-патрульдік полициясының сопровождениесімен алып жүреміз. Сондықтан әлі де тасымалданады. Бірақ, қауіпсіздікті күшейтеміз.

Қазір облыстық білім басқармасы қызметтік тергеуді бастады. Ал жұмысына салғырт қараған Есіл аудандық білім бөлімінің басшысы мен мектеп директоры жауапкершілікке тартылады. Жалпы облыс аумағында 10 мыңға жуық бала автобуспен қатынап оқиды. Ол үшін 200-ге тарта техника жұмылдырылған.

Авторлары: Абзал Балтабаев, Виктор Полянный