Ақтөбе облысына қарасты екі ауданда төтенше жағдай жарияланды

Ақтөбе облысының Хромтау және Әйтеке би аудандарында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.

Ауа райының құбылуынан күрделі жағдай қалыптасқан. Жарық, су, газ желілерінен де ақау анықталды. Боран салдарынан келген шығын көлемі әзірге белгісіз. Қазір аймақ бойынша 7 бірдей республикалық және облыстық маңызға жол жабылды. 

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- Облыста ауа райының қолайсыздығына байланысты жағдай әлі де күрделі. Сондықтан да барлық құтқару қызметі пен полиция өкілдері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Бүгіннің өзінде бірқатар жауапты мекеме  қызметкерлері бар жедел штабтың кезекті отырысы өтіп, оның қортындысы бойынша екі бірдей ауданда табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Ал жол бойында тұрып қалған көліктер мен жолаушыларды құтқару күні-түні жүріп жатыр. Қар құрсауынан жылыту пункттеріне жеткізуде. 

Жанболат Төлепбергенов, ТЖД басқармасының аға офицері:

- Қазіргі таңда құтқарушылар, полиция қызметкерлері және жергілікті атқарушы орган қызметкерлерімен бірлесе 321 адам эвакуацияланды. Сонымен қоса, 149 адам құтқарылды. Оның ішінде шетелдің азаматтары да бар. Ақтөбе-Хромтау-Қарабұтақ бағытында шамамен мың жарымға жуық жүк және жеңіл автокөліктер тұрып қалды. Осы бойынша авариялық құтқару жұмыстары жүргізілуде.

Ақтөбе өңірінде ақтүтек боран бір тәулік бұрын басталған еді. Салдарынан тек облыс орталығына да біршама залал келген. Қазірдің өзінде күшті жел бес үйдің шатырын жұлып әкеткен белгілі болды. Сондай-ақ, электр желілерінің зақымдануынан шамамен екі мың абонент жарықсыз отыр. Желілерді жөндеу үшін 35 бригада жұмысқа кірісіпті. Осы жарықтың болмауынан бірқатар шағын аудан тұрғындарына да су беру шектеліп қалды.

Амангелді Боранқұлов, коммуналдық кәсіпорынның бас инженері:

- Ауа райының қазір жел болып тұруына байланысты кейбір тапсырыстар қайта-қайта қайталанып жатыр. Бір жерге барған жерге 2-3 қайтара баратын жерлер бар. Сондықтан нақты сусыз отыр деп айта алмаймыз. «Батыс-2» ауданында шамалы шектеулер болып жатыр. Ол жерде Құндақтықыр су қоймасы бар. Сол жерде келетін ұңғымалар бар, сквжиналарда электр желілері істен шығып, қазіргі таңда жұмыстар жөнделіп жатыр.

Қазір облыс орталығында боран басылды. «Алдағы бірер тәулікте тағы да ауа райының бұзылуы мүмкін», - деп отыр мамандар. 

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев.Ақтөбе облысы