Ақтөбе облысының тұрғындары интернеттегі алаяқтарға алданып қалған

Ақтөбе облысының тұрғындары былтыр бір миллиард теңгеден астам ақшасын интернеттегі алаяқтарға берген.

Биылдың өзінде жүзден астам қылмыстық іс тіркелді. Онлайн әлемде алдап, қапы қалдыру белең алғандықтан елімізде киберполиция құрылды. Жаңа бөлім инспекторлары тергеу амалдарымен қатар ІТ саласын да меңгерген болу керек.

Тәртіп сақшыларына арызданып келген бұл әйел интернетте самсап тұрған жарнамаға сеніп, жиған-тергенінен айырылған. Бұрын-соңды биржа туралы естімеген жәбірленушіні әлеуметтік желі арқылы байланысқан брокер «қыруар қаржыға кенелесің»,- деп сендіреді. Белгілі банктың атын жамылған алаяқтар ұйымына инвестиция салуға үгіттейді. Бастапқы құны қомақты болсын деп бірнеше рет несие де рәсімдеген. Берешегі бүгінде бір жарым миллион теңгеден асыпты. Алайда, табыс табудың орнына тақырға отырды.

Лейла, қала тұрғыны:

- Салған ақшаның бір бөлігін қайтару үшін тағы 200 мың теңге аудару керек деді. Қарызға белшеден батып, жақындарыма бережақ берешек болып отырғанда ондай ақшаны қайдам табам? «Жартысын қайтарармын» деген үмітпен танысыма айтып едім, алаяқтардың арбауына түскенімді сол адам түсіндірді. Полицейлерге арыз жазуға да кеңес берді.

Полицейлер «қаржы саласында сауаты таяз жандар алаяқтың арбауына тез түседі»,- дейді. Заманауи қылмыс түрі ретінде жалған брокерлермен қатар «банк қызметкерімін» деп хабарласатындар да белең алған. Жәбірленушінің жеке есеп-шотынан жасалған аударылымның ізін кесіп, түпкілікті жеткен жерін табу оңай емес. Әсіресе крипто-қаражатқа айналғанды қайтару мүмкін болмай отыр. 

Алексей Цайгер, Ақтөбе Қ. ПБ криминалисі:

- Алаяқтық жолмен түскен ақшаны электронды әмиянға ішкі жүйе арқылы аудара салады. Бұл жүйенің Бинанс немесе басқа да криптобиржаға қатысы жоқ. Егер аталған жүйеге тәуелді болса аударылымның ізін анықтауға болар еді. Крипто-әмиянның ішкі жүйесі, блокчейн арқылы жөнелтіледі де ізін суытады. Әмиянда жасалған операцияларды тексергенімізде, ешқандай мағлұмат болмай шығады. 

Киберполиция сақшылары кейбір адамдардың банк картасын үшінші тарапқа сатуы да қиындық туғызып отыр дейді. Мұндай әрекет заңсыз болғанына қарамастан жиі тіркеледі.  Қаржы институтының қауіпсіздік қызметі секем алғанша алаяқтар аталған есеп-шот арқылы миллиондаған қаражатты аударып үлгіреді. 

Галина Стырличук, Ақтөбе қ ПБ Тергеу бөлімінің бастығы:

- Алаяқтардың дені шетелден әрекет етеді. Көп жағдайда қылмыстық топтың Қазақстанда жүрген мүшелері санаулы. Оларға «дропер» деп атайтын отандастарымыз да көмектеседі. Жеке картасы мен банктегі есеп-шотын сатып, қылмысқа жол ашады. Түскен қаражат Ресейге, Украинаға аударылып, одан әрі кете барады. ІР-мекен жайы алыс шетелдер мен аралдарда тіркеледі.

«Балаңыз қиын жағдайға тап болды» немесе «есеп-шотыңыздан қаржы жымқырылуы мүмкін» деп хабарласқан жағдайда мамандар үрейге бой алдырмай, телефонды қоя салған дұрыс дейді. Жақыныңыздың сізге мәлім жеке нөміріне, қаржы операциясына қатысты болса банктің ресми өкіліне хабарласу қажет.

Зүлфия Ходырева, психолог:

- Алаяқтар адамның эмоциясын өз есебіне пайдаланады. Бірінші кезекте – ол үрей. Қорыққан адамды басқару оңай. Себебі үрей билеген адамның ойлау қабілеті  төмендейді. Ессіз қадамға баратындығы да сондықтан.

Құқық қорғаушылар интернеттегі алаяқтық дерегі бойынша жыл басынан бері 122 қылмыстық іс тіркеген. Тек 17-сінің ізін кесіп, тергеу амалдары оң нәтижелі болды. Жалпы шығын көлемі 140 млн теңгеден асты. Кибер-полиция инспекторлары тұрғындарға қаржы саласындағы сауатты арттыруға кеңес береді. Оңай олжаның опындыратынын да естен шығармаған абзал.  

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов