Таразда 850 тұрғын үй күрделі жөндеуді қажет етеді

Таразда 850-ге жуық көп қабатты үй күрделі жөндеуді қажет етіп тұр.

Арасында 50 жыл бұрын салынған баспаналар бар. Бүгінде олардың қасбеттері сыпырылып, іргетасы мүжіле бастаған. «Үйінді астында қаламыз ба?» деп үрейленген тұрғындар әкімдіктен көмек сұруда.

Тараз қаласындағы мына көп қабатты қос үйде негізінен көп балалы аналар мен мүгедектігі бар жандар тұрады. 130-дан аса отбасы «баспанамыз күрделі жөнделсе» дейді. Себебі 1975 жылы салынған көп қабатты үйдің сылағы сыпырылып, қабырға кірпіштері құлай бастаған. Ал іргетасы үгітіліп жатыр. Жасы 70-тен асқан Манат Түменбаева мұнда 20 жылдан бері тұрады. Ақжаулықты әже жер қозғалса 4 қабатты үй қирап қала ма, деп алаңдаулы.

Манат Түменбаева, қала тұрғыны:

- Адам қорқады енді бұл үйден. Жер сілкінетін болса уже кетті. Ана бұрыштары әшейін столбамен бүйтіп қадап-қадап қойдық. Үгітіліп түсіп жатыр ғой. Іштерінің бәрі көгеріп кеткен үйлердің. Енді отопление жоқ қой.

Мерей Бает, тілші:

- Әкімдік өкілдерінің мәліметінше тұрғын үйдің шатыры мен жертөлесі 13 жыл бұрын толықтай күрделі жөндеуден өткен. Деседе қазіргі кейпіне қарап мұнда жөндеу көрді дегенге сену қиын. Себебі су құбырларын тот басып, кейбір тұстары мына сынды тесіліп қалған. Салдарынан ылғалданып, тұрғын үйді көгерген иіс кеулеп кеткен.

Тұрғындар жөндеудің сапасыз жүргізілгенін айтады. Мердігер ескі шатырды ауыстырмай, тек коммуникациялық желілерді жаңартты, дейді. Оның өзінде көп ұзамай істеп шыға бастаған. Пәтер иелері сонда да 7 жыл бойы қайта жаңғыртудың қаржысын төлеп қайтарған.

Ләззат Өмірбекова, қала тұрғыны:

- Жөндеу жасағанға мүлде ұқсамайды. Ол жөндеу жасағаннан кейін де біз қанша мың теңге екі мыңнан жинап анау мұздай судың трубасын жөндейміз, отоплениенің трубасын жөндейміз. 1975 жылғы үй ғой. Сөйтіп сол шатыр тұр.

Қала әкімінің орынбасары жеке тұрғын үйді мемлекет тарапынан жөндеуге мүмкіндік бар екенін айтады. Тек тұрғындардың 70 процентінің келісімі керек. Одан соң мемлекеттік бағадарлама талабы бойынша, жаңғырту жүргізілген үй тек 15 жылдан соң қайта жөнделеді. Сондықтан тұрғындарға бірнеше жыл күте тұруға тура келеді.

Қайрат Исмаил, Тараз қаласы әкімінің орынбасары:

- Келесі жылы 15 жыл өтеді, сондай-ақ оның жөндеу мерзімі де болады қайта күрделі жөндеуге. Сосын халық егер басым бөлігі мына талапқа сәйкес қолдайтын болса онда біз жөндеу жұмыстарын жаңғырту бағдарламасы аясында жүргіземіз. Бір 70-80 миллион теңге аясында қаражат шығындалады деп ойлаймын.

Таразда тұрғын үйлерді қайта жаңғыту бағдарламасы 2011 жылдан бастап жүзеге асуда. Биыл бұл бағытта 5,3 млрд теңге бөлініп, 53 үйді жөндеу жоспарда бар. Айта кетерлігі, бүгінде шаһардағы 1460 көп қабатты үйдің 850-ге жуығы күрделі жөндеуді қажет етіп тұр.

Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә