Сыр өңірінде биыл «Руханият жылы»

Қызылорда облысында жүз мыңдай оқушының 7 пайыздан астамы үйірмелерге барады.

Бұл өте аз көрсеткіш. Осыған байланысты мәдениет нысандарының қолжетімділігін арттыру үшін аймақта «Руханият жылы» деп жарияланды. Соның аясында көктемде облыс орталығында мың орындық Өнер орталығы ашылады. Сонымен қатар жыраулар үйі мен шығармашылық академиясының іргетасы қаланады. Сырдария өзенінің сол жағалауынан өңірдің құнды жәдігерлері мен экспозициялары дәріптелетін жаңа өлкетану музейі бой көтереді. Оған жергілікті бюджеттен 1,6 миллиард теңге бөлінеді. Одан бөлек Мемлекет басшысының «Адал адам» концепциясы шеңберінде барлық мәдениет үйінде рухани-мәдени орталығы ашылады.

Мира Қазбекова, облыстық мәдениет басқармасының басшысы:

- «Адал адам» концепциясы аясында ауылға белгілі, үлгі тұтар тұлғалармен апта сайын балалар мен жасөспірімдедің арасында еркін форматтағы сұқбаттар болады. Әрбір ауылға тән креативті хаб жобасы іске асырылады. Яғни сол ауыл, өлкенің ерекшелігіне қарай қолөнер бұйымдарының, қолөнер шеберлерінің және отбасылық түрлі ерекше бұйымдардың көрме-жәрмеңкесі апта сайын өткізілетін болады.