Қазақстанда орман өртін анықтауда жасанды интеллект қолданылмақ

Орман өртіне найзағай себеп. Бүгін Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Экология министрі Ерлан Нысанбаев осылай деді.

Оның айтуынша, былтыр 500-дей өрт найзағай салдарынан тұтанған. Министрлік енді қызыл жалынды дер кезінде анықтау үшін жасанды интеллект көмегіне жүгінбек. 

Ел аумағының дені шөл мен шөлейт болғанымен, 5%-ке жуық территорияда орман бар. Оның ауқымы 31 млн-ға гектарға жуық. Бүгінде жасыл желкендерді қорғау бас қатырар проблемаға айналған. Себебі жылда орман өрті болып, мемлекетке орасан зор шығын келеді. Экология министрлігінің мәліметінше, былтыр жалпы ауданы 116,8 мың гектарға жететін 810 орман өрті тіркелген. Соның 61,1 мың гектары – ну тоғай. Бұл – 15 адамның өмірін жалмаған бір ғана «Семей орманының» алқабы.

Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:

- Орман өрттерінің себептері бойынша оқиғалар саны: найзағай разрядтарынан 498, ауыл шаруашылығы жерлерінен шарпыған 87, жеке және заңды тұлғалардың кінәсі бойынша 31, анықталмаған себептерден 194 оқиға тіркелген.

Тергеу амалдары Семейдегі ірі өрттің себебі осы найзағай разряды екендігін анықтаған. Ал мұны анықтайтын камералардың бірі сөндірулі тұрған. Құрылғының аккумуляторын ауыстыру жұмыстары жүргізіліп, жұмысшылар оны қосуға ұмытып кеткен екен. Оның үстіне Семей орманында бірде-бір минералды жолақ салынбаған, - дейді жауаптылар.

Бауыржан Сыздықов, ҚР Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары:

- 2023 жылы 11 маусым «Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерваты аумағында, яғни ірі өрт басталған кезде жоспарланған 181 шақырым минералданған жолақ салу мүлдем орындалмаған. Ертіс орманында жоспарланған 570 шақырымының тек 45-і ғана салынған.

Өткен жылғы орман өрттері жауапты мекемелердің материалдық-техникалық базасының төмендігін де көрсетті. Қолданыста бар техникалар ескі-құсқы. Мәселені шешу үшін Экология министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2023-2027 жылдарға арналған азаматтық қорғау саласындағы бірінші кезектегі шаралардың кешенді жоспарын әзірлеген. Құжатта көрсетілген шараларды жүзеге асыру үшін 68,6 млрд теңге қаражат қарастырылған. Бұл сомаға 1 мың 82 бірлік арнайы көлік құралдары, өртке қарсы және орманды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге арналған 948 техника, өртті ерте анықтау жүйесін орнату және өрт бақылау мұнарасын салу жоспарланған. Бұдан бөлек, министрлік жасыл желкендерді сақтауда жасанды интеллектіні де пайдаланбақ ойда.

Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:

- Жасанды интеллектіні қолданып, бағдарламалық қаматасыз ету бойынша тиісті техникалық тапсырма әзірленді. Жобаның аясында әртүрлі кездерден алынған деректерді топтастыру арқылы өрттерді ерте анықтауға және жедел шешім қабылдауға мониторинг жасау үшін бірыңғай ситуациялық орталық құру жоспарланған. Оттың шығуын анықтау 30 шақырым дейінгі радиуста айналып қарайтын бейнебақылау камераларының көмегімен жүзеге асырылады.

Өткеннен сабақ алып, келешекте қайғылы оқиғалардың болмауын қатаң түрде қолға алу. Бұл – қазір мемелекеттік мекемелер алдында тұрған басты міндет. Себебі синоптиктер биылғы жаз былтырғыдан да ыстық болады деп болжап отыр. Сондықтан осы жылы орман алқаптары жерден де, көктен де жіті бақыланады, - деп сендірді жауаптылар.

Авторалы: Риат Шони, Артур Горшняков.