Ел шығысында қарғын судан қауіп көп

Шығыста қолайсыз ауа райы құтқарушылар мен билік өкілдерін әбден әбігерге салды, деп хабарлайды 24KZ.

Өңірде бір күн боран соғып, енді бір күн таудағы қар еріді. Ол аздай, тау арасында көшкін жүріп, жолдарды басып қалды. 

Құбылған ауа райы көктемгі тасқынға дайындықты бір сынағандай. Күн күрт жылынғанда таудағы қар еріп, етектегі ауылдарға қауіп күшейді. Қатонқарағайлықтар Алтынбел, Жұлдыз елді мекендері маңына күркіреп келген судың бетін әрең қайтарды. Ал Өскеменнің Ахмер ықшам ауданында арықтан асқан су бір үйдің ауласын алды. Әсіресе Зайсанда жағдай күрделі болды, - дейді мамандар. Себебі өрден келген су лезде көшелерге лап қойған.

Қуатбек Кенжебекұлы, ТЖД бастығының орынбасары:

- Таудағы еріген қар көшелерге ағып, бір бағытқа салдық та, басында тұрып, жеке құрам бар, жергілікті атқарушы орган бар, полиция, шекара қызметкерлері де қатысты. Қазіргі таңда Шығыс Қазақстанда аса маңызды үлкен көлемде тасқын қауіп қатері туып тұрған жоқ.

Көршілес Абай облысындағы мамандардан да маза қашты. Ақсуат ауданындағы Қызылкесік, Ойшілік ауылдары мен  Көккемер қыстауындағы 10-ға жуық аулаға қарғын су кірді. 30 адам, 7 техника жұмылдырылып қауіптің беті қайтты.

Жол үсті де тыныш болмады. Қатты боранның кесірнен бірнеше бағыттағы жол жабылды. Ресейге бара жатқан жолаушылар автобусы ақтүтекте қарға кептеліп, шекарадағы бейтарап аумақта тұрып қалды. Дегенмен 25 адамға көмек тез жетті.

Айдын Нұралдинов, жолға қызмет көрсетуші компанияның бас инженері:

- Бірден көмекке келдік. Біз сол жерге жеткен кезде онда тек сол автобус емес, жеңіл көлік пен жүк көліктері де жүре алмай тұр екен. Қарды аршып, оларды да жолға салдық.

Күн райының күрт құбылуы жол сапасына ерекше әсер етеді. Сол себепті қазір бақылау күшейтілді.

Саяхат Мұсапыров, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» бөлім басшысы:

- Жауын-шашыннан қайтадан қар боранға ауысып жатыр. Бұл бізде филиал тарапынан қысқы күтіп ұстау жұмыстары күшейтілді. Өйткені облыста Өскемен-Рахман қайнары, Өскемен, Риддер, Өскемен-Шемонайха, жолдарына қазір қар көп түсіп жатыр.

Қалың қар тек тасқынның емес, көшкіннің де қаупін жоғарылатты. Жақында  Өскемен-Қатонқарағай жолын таудан сырғыған 1500 текше метр қар басып қалды. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ. Қазір өлкеде аяз күшейіп, әзірге қарғын судан қауіп сейілді.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов.