Павлодар облысында туризмді дамытудың жаңа бағдарламасы қабылданды

Ол бойынша алдағы бес жылда жалпы құны 8,2 миллиард теңгенің 30-ға тарта жобасы жүзеге асуы тиіс.

Бағдарлама инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды қамтиды. Маңызды жобалардың біршамасы Баянауыл ауданында жүзеге асады. Мәселен, жазға қарай Сабындыкөл жағасында 400 орындық демалыс үйінің құрылысы басталады.

Баянауыл ауданында туристік маусым үш айға созылады. Осынау қысқа мерзімде ұлттық парк екі жүз мыңдай туристі қабылдап үлгереді. Демалыс орындарының көбі Жасыбай көлінің жағасына шоғырланған. Бүгінде олардың саны алпыстан асады.  

Ал қыс мезгілінде тек бесеуі жұмыс істеп тұр. Орталық коммуникацияның жоқтығынан қалғандары қызметін тоқтатуға мәжбүр. Атамекен Кәсіпкерлер палатасының жанындағы салалық кеңесте туризмді дамыту тақырыбы жиі талқыға түседі.

Жомарт Сембаев, "АТАМЕКЕН" облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

- Инфрақұрылымды дамыту өздеріңіз білесіздер экологияға келіп тіреледі. Демалыс орындарын көмір жағып жылытуға болмайды. Сондықтан біз түрлі нұсқаларын қарастырудамыз. Басқа курорттар сияқты газ өткізу туралы ұсыныстар айтылып жатыр.

Қысқы туризмді дамытуға Баянауылдың көркем табиғаты сұранып-ақ тұр. Осыдан бірнеше жыл бұрын Мырзашоқы тау-шаңғы кешені қолданысқа енген болатын. Соңғы жылдары таулы аймаққа қар тым аз түсетін болды. Соның салдарынан шаңғы жолы жабық. Жауапты басқарма басшылары көп ұзамай жасанды қар жасайтын агрегат іске қосылатынын жеткізді.

Нұрлан Есембаев, дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары:

- Биыл қардың аз түсуінен тау-шаңғысы базасы іске қосылмады. Бірақ біз жобалық-сметалық құжаттамалар әзірлеп жатырмыз. Жасанды қар жасайтын техника бар. Бірақ оны істетуге судың жоқтығы қолбайлау болды. Биыл Мырзашоқы тауына жақын жатқан ауылға су келді. Қысқы туризмді дамытуға қол жеткіземіз деп ойлаймын.

Павлодардың туристік компаниялары Баянауылға бір күндік турлар ұйымдастыруды жолға қойған. Қысқы саяхатқа Мырзашоқы тау-шаңғы кешені, Қоңыр әулие үңгірі, Кемпіртас, Найзатас, Әулиебұлақ, Жасыбай, Торайғыр көлдері мен Баянауылдың көрікті жерлері кіреді. Алдағы туристік маусым алдында онға тарта жоба әзірленіп жатыр.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков