Оралда көк мұз көпшілікті әуреге салды

Күннің күрт жылынуы Орал халқын әбігерге түсірді.

Қала көшелерін көк мұз басқан. Соның салдарынан автобустар жолға шықпады. Жолдарда автокөлік саны да айтарлықтай қысқарған. Көктайғаққа байланысты барлық бағыт бойынша тасжолдар жабылды. Бірінші ауысымда оқитын мектеп оқушылары қашықтан оқуға көшірілді. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, соңғы тәулікте Орал қалалық ауруханасының жарақаттану бөлімшесіне 130 адам жүгінген. Жергілікті атқарушы билік өкілдерінің айтуынша коммуналдық қызметтер таңғы бестен бастап қала көшелері мен жаяу жүргіншілер жүретін жолдарға құм мен тұз араласқан қоспа сеуіп жатыр. Ал қоғамдық көліктер түс ауа қатынай бастайды.  

Дархан Еркінұлы, Орал қаласы ТКШ сектор меңгерушісі:   

- Жолдарға 1380 тонна құм мен тұз қоспасы себілді.  16 техника жұмыс істеп жатыр. Бұған қоса 5 мобильді бригада және 8 техника тротуарларға құм себумен айналысуда. Қала аумағында әдеттегідей 20 бригада штаттық кестеде жұмыс атқарады.