Елдегі тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес

Былтыр елімізде полиция қызметіне отбасылық жанжалға қатысты 100 мыңға жуық қоңырау келіп түскен.

Соның ішінде 80 мыңнан астам адамға әкімшілік хаттама толтырылса, тағы мың адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бұл туралы Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ренат Зұлхаиров брифингте баяндады. Оның айтуынша, жанжалдардың көбіне тұрмыс тауқыметі мен маскүнемдік себеп болған. Тәртіп сақшылары мұндай зорлық-зомбылықпен күрес шараларын күшейтіп жатыр. Жәбірленушілердің қауіпсіздігі үшін учаскелік полиция инспекторлары 87 мың қорғаныс ұйғарымын шығарды. Сонымен қатар бала тәрбиесіне немқұрайлы қараған 8 мың ата-ана есепке қойылған.

Ренат Зұлхаиров, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы:

- Ата-ана құқықтарын шектеу туралы мәселені қарау үшін кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға 4 мыңнан астам адамға қатысты материал жіберілді. Былтыр тамыз айынан бастап 19 мыңға жуық отбасыға сауалнама жүргізіп, нәтижесінде 884 отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қайталану қаупі жоғары екенін анықталды. Құқықбұзушыларға психокоррекциялық курстардан өз еркімен өту ұсынылды.