Жаңа ереже: зейнетақы жинағына 8 жылда үй алу керек

Енді Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан банк шотына аударған қаражатыңызды 8 жыл ішінде кәдеге жаратуыңызға болады.

Яғни, осы уақыт аралығында жеткіліктілік шегінен асқан ақшаны үй алу мақсатында қолданам десеңіз, ешкім қолыңыздан қақпайды. Ал осыған дейін 3 жылда баспана алмасаңыз, салымыңыз зейнетақы қорына кері қайтарылатын. Қазір Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жаңа ереженің жобасын әзірледі. Министрлік бұл қадамға салымшылар тарапынан жиі шағым түскендіктен барып отыр. Яғни, ипотекалық несие алуға ниетті кейбір отандастарымыз 3 жылда бастапқы соманы жинауға қолы қысқа екенін айтып, шағымданған. Сондай-ақ депозит мақсатын өзгертуге қатысты өзгеріс енгізілмек. Мәселен, жаңа ережеге бойынша ерлі-зайыптылар мақсатты салымдарын біріктіріп, мақсатын өзгертуге мүмкіндік алады. Қазір ереже жобасы құзырлы органдар қарауында жатыр.

Таубек Керімбаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі комитеті басқармасының бас сарапшысы:

- 3 жыл көлемінде бастапқыда салушы өзіне мақсат таңдайтын. Қазір біз сол мақсат таңдалғаннан кейін 3 жылдың көлемінде өзінің зайыбына, «уступка» дейміз ғой, сол «уступка» жағын да қарап отырмыз. Ондай болмайтын. Бастапқы мақсат беріледі. Мақсат таңдалғаннан кейін «уступка» болмайтын. Қазір тек ерлі-зайыптылар арасында «уступканы» көздеп отырмыз.