Әскери сала цифрландыруға көшті

Қорғаныс саласы да цифрландыруға көшті, деп хабарлайды 24KZ.

Әскерилер де қағазбастылықтан арылып, бірнеше қызмет түрі онлайн форматқа ауысқан.

Иә, сарбаздар қызметтік баспана сұрау үшін жоғарыға жүгірмейді, өтінішті онлайн жазады. Көшіп-қонып, мекенжай ауыстырып жатсаңыз, әскери тіркеуіңіз де автоматты түрде жүзеге асады.

Алдағы уақытта әскери қызметкерлер қызметтік баспананы жалға алуға өтініш беру үшін құжаттар тізімімен жұмыс орнына барып, кезекке тұрмайды. Ол жұмыс жеңілдеді. Енді eGov.kz порталы арқылы қызметтік тұрғын үйді жалдау шартына онлайн қол қойып, ұзарта алады. 5 ақпан күні іске қосылған жобаға бүгінде 10-нан астам өтініш келіп түскен. Бұдан бөлек,  2024 жылдың қаңтарынан бастап 17 жасқа толған азаматтар автоматты түрде әскери есепке алынады.

Дархан Ахмедиев, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары:

- 17 жасқа толған адамды өзінің мекенжайына байланысты алғашқы тіркеуге өзіміз автоматты түрде аламыз. Бұл – біздің ақпараттық жүйені және Денсаулық сақтау министрлігі, Білім беру, Цифрландыру министрліктерінің ақпараттық жүйелерімен интеграциялаудың арқасында жасалынған жоба. Жыл сайын 100 мыңнан астам 17 жасқа толған азаматтарды жүгірістен босаттық.

Жыл сайын 700 мыңнан астам әскерге бармайтын, жоғары оқу орнындағы студенттер әскери комиссариатқа анықтама тасып әлек болушы еді. Бұның да шешімі бар. Енді Қорғаныс министрлігі олардың әскерден босатылғаны туралы SMS-хабарлама жібереді. Онымен қоса тұратын мекенжайыңыз ауысса, әскери есепке де автоматты түрде тіркелесіз.

Дархан Ахмедиев, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары:

- Осындай жобада жасадық. Алдыңғы жылдары егер азамат мекенжайын ауыстырған кезде жергілікті военкоматтан тіркеуден шығып, екінші военкоматқа тіркеуге тұру керек болатын заң бойынша. Алайда бұл біраз уақыт алады. Қазір азамат өзінің мекенжайын ауыстырған кезде біз өзіміздің ақпараттық жүйемізде ол ақпаратты көріп, сол күні автоматты түрде военкоматтың тіркеуін ауыстырамыз. Осының арқасында 1 млн 300 адам осы керек емес жүрістен босатылды.

Әскери саладағы қызмет түрін оңтайландыру жұмыстары бұдан әрі де қарқынды жалғасады. Жыл соңына дейін әскери қызметтік баспана алу үшін берген бір өтінішіңіз одан кейінгі де барлық мәселенің шешімі болмақ.

Авторлары: Зарина Кәп, Асхат Каракойшиев.