Ақтөбе облысында 115 жас маман ауылға барады

Биыл Ақтөбе облысында «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша 115 жас маман жұмысқа орналасады, деп хабарлайды 24KZ.

Оларды көтермеақы және баспанамен қамту үшін 900 миллион теңге қаралған. Қазір ауыл-аймақта мұғалімдер мен дәрігерлер, ветеринарлар және мәдениет саласының қызметкерлері тапшы. 

Марта Бектемір – болашақ биология пәнінің мұғалімі. Биыл жоғарғы оқу орнын аяқтап, туған жері Жарлы ауылында еңбек жолын бастамақ. Оқуда озат студент үнемі түрлі шаралардың бел ортасында жүреді. 

Марта Бектемір, студент:

- Туған жеріңе барып қызмет ету ол біздің әрқайсымыздың бойымыздағы парыз, борыш деп есептеймін. Содан кейін барып «Дипломмен – ауылға» жобасына артылып отырған үміт үлкен, сенім мол болғаннан кейін мен өз білімімді, креативті ойларды неге туған жеріме, ауылыма апарып жандандырмасқа деген ой бар.

«Дипломмен – ауылға» – жоғарғы және кәсіптік оқу орындарын бітірген түлектер үшін тиімділігін дәлелдеген бағдарлама. Былтыр 128 маман ауылда жұмыс тауып, баспанамен қамтылды.

Райбек Сағадатов, Қ. Жұбанов атындағы АӨМУ оқытушысы:

- Біз өзіміздің түлектерімізбен байланыстамыз. Олардың барлықтары 1-2 жыл жұмыс жасағаннан кейін ауылда әкімшілік қызмет, ал кейбіреулері енді соңғы уақыттарда мектеп директоры конкурсына да түсіп жатыр. Бұл дегеніміз ауылдық мектептердегі жаңа көзқарастың қалыптасқандығының дәлелі деп білеміз. Тағы бір қуантарлығы, қазіргі жастардың барлығы үшін айлық маңызды, бірақ та бізден кейінгі буын үшін құндылық та маңызды. Олардың барлығы өмірлік бір миссияларын іздеп жүреді.

Ал биыл аудандардан 115 маманға сұраныс түскен. Қазір медицина, білім саласынан бөлек, ауыл шаруашылығында кадр тапшылығы өзекті. Бұл – Темір, Ырғыз, Әйтеке би және Мәртөк аудандарына тән проблема.

Ақдана Әбжетова, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бас маманы:

- АЕК мөлшері өсіп жатыр. Яғни, былтырғы жылы 1500 АЕК берілген болса бір маманға, ол осы 2024 жылдан бастап, егер аудан орталықтарына баратын болса, 2500 айлық есептік көрсеткіш, ал ауылдардың өзіне баратын болса, 2 000 айлық есептік көрсеткіш есептеліп жатыр. Сол үшін 950 млн болып өсіп тұр. Бұл жыл енді басталып келе жатыр. Әзірге жоспар бойынша 115 маман. Ол өсуі мүмкін.

Бағдарлама аясында жоғары және кәсіптік оқу орындарының түлектері  жұмыспен жазда қамтылады. Бір айдың ішінде өтініштер қабылдау науқаны басталды. 

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев.