Павлодар облысында өрт сөндіру техникасы тозып тұр

Павлодар облысының орман шаруашылықтарында жанар-жағармай тапшы, деп хабарлайды 24KZ.

«Күн жылынып, өрт шықса, отқа оранған аумаққа жету қиындай түседі», – дейді мамандар. Оған қоса мекемелердің материалдық-техникалық жабдықталуы талапқа сай емес. Өрттен келген залалды өндіру жағы әлі ақсап тұр.

Павлодардың мемлекеттік орман қоры – шамамен 55 мың гектар. Әдетте дала және орман өрттері сәуір айында басталады. Бұл кезеңде фермерлер өзен қойнауындағы қураған шөп пен қамысқа от қояды. Жел көтерілсе, қызыл жалын жасыл желекке ауысады. Өрт сөндірушілерді тығырыққа тірейтін де осы кезең. Ертіс өзені тасығанда өрт шыққан аумаққа жету қиындай түседі. Қолда бар техника тозған. Жанар-жағармай тапшылығы тағы бар.

Фархат Сыздықов, орман және жануарларды қорғау мекемесі директорының орынбасары:

- Егер көктем ерте шығатын болса, бізде жанар-жағармай тапшылығы туындайды. Өз қаражатымыздан жанармай құюға тура келеді. Қолымыздағы тракторлар ескі. 8 техниканың екеуі ғана екі-үш жыл бұрын алынды. Қалғандарының жұмыс істеу мерзімі өтіп кетті.

Жүргізілген сараптама тозығы жеткен өрт сөндіру техникаларын жамап-жасқаудың тиімсіз екенін көрсетті. Яғни, алапат орман өртіне тойтарыс беруге қауқарсыз. Қалалық орман және жануарларды қорғау мекемесінің басшылығы биыл демеушілердің көмегімен жаңа 5 трактор алынатынын айтты. Ал «Ертіс орманы» табиғи резерваты мен Баянауыл ұлттық паркінде айтарлықтай өзгерістер бар.

Руслан Төлепбаев, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы:

- Былтырғы жылы республикалық бюджеттен 2,4 миллиард теңгедей қаражат бөлінген болатын. Ертіс орманы резерватының төңірегінде, орман қорында 23 мұнара орнатылды. Бұл жүйе орман өрттерінің ең алдыңғы, жаңағы пайда болған кезінде сол орман өрті болған жерді дәл анықтап, орталыққа тиісті ақпаратты беріп, сол жерге жаңағы өрт сөндіру техникасымен адамдарды тез арада жұмылдыруға көмектеседі.

Былтыр 4 мың гектарға жуық жерді өрт шарпыды. Оның ішінде 1 мың гектардан астамы – орманды алқаптар. Келтірілген залал – шамамен 240 миллион теңге. Қазір шығынның тек 10%-і өндірілген.

Руслан Төлепбаев, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы:

- Жаңағы 207 өрттің 175-і найзағайдан шықса, 30-ға жуық дерек ол адамның кінәсінен. Бірақта көбінесе кінәлі адамдарды дер кезінде тауып, оларды жауапкершілікке тарту әлі де дұрыс деңгейге қойылмаған.

Мамандар 19 наурыздан бастап орман шаруашылықтарының өртке қарсы дайындығын қайта тексеруді жоспарлап отыр.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков.