Қызылордада креативті кәсіпкерлер көрмесі өтіп жатыр

«Брендке бір қадам». Қызылордада осындай атаумен креативті кәсіпкерлер өз өнімдерін ұсынып, сауда көрмесін өткізіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Мұнда 20-дан астам қолөнер шеберінің бұйымдары қойылған.

Жалпы креативті индустрия мәдени саладағы білім-білігін инновациялық технологиямен ұштастырған дарынды жандардың өндірісін дамытуға арналған жаңа бағыт саналады.

Креативті индустрия аясында қолөнер шеберлері ұлттық құндылықты сақтап, дәріптеп, жаңғырта отырып табыс табады. Яғни бойындағы қызығушылық-әуестігін коммерцияландыруға мүмкіндік алады. Мира Исабаева 3 жылдан бері оюмен өрнектелген көлік жабындыларын тігумен айналысып келеді. Былғарыдан 3D төсеніште жасайды. Қалған материалдан сүйретпе аяқ киімдер тігеді.      

Мира Исабаева, тігінші:

- Сонымен қатар трансформер сөмкелеріміз бар. Бұлар бізде әйелдер және ерлерге арналған 2 түрде жасалады. Ішкі жақтарына көйлек, костюм-шалбар салып, жауып, бетіне қажетті заттарды салатындай етіп тігілген. Бұл – креативті индустриялық, яғни мәдени бағытқа жетелеу. Отандық өнімді қазақи ұлттық нақышта түрлі ою, орнаменттер, елтаңбамен өрнектеп шығару. Яғни отандық өнім деп айтсақ та болады. 

Сауда сөресі үшін ақы төлемейтін көрмені естісімен жетуге асыққанның бірі – Бақыт Жақыпов. Әке жолын қуып, зергерлікті ұстанған шебер темір-терсектен бөлек, ағаш пен саз балшықтан мыңға жуық бұйым шығарған. 30 жылдан бері ата кәсіппен айналысып жүрген Бақыт: «Қолөнершілер мемлекеттік қолдауға зәру», – дейді.   

Бекзат Жақыпов, зергер:

- Қазіргі таңда күміс табу өте қиындау. Өйткені грамдап ешкім сатпайды, сондықтан килограмдап аламыз. Биржадан алса, бізге жеңілдеу болар еді. Ол жаққа бізді кіргізе қоймайды. Астанадан, банктерден шикізатты сатып аламыз. Қанша жан-жаққа барып, жүгіріп, шеберхана керек, отыратын жер керек деп гранттарға қатыстым, құрылғылар керек деген сияқты. Ол жақтан жеке өзіме келгенде қолдау көріп тұрған жоқпын. 

Бұған дейін ортақ алаңы болмаған сыр бойының қолөнершілері енді «Анаға тағзым» орталығында ұдайы бас қосып, өзара тәжірибе алмасса алады. Сыр өңіріндегі креативті кәсіпкерлердің өндірістік кластерін қалыптастыру және ұлттық нақыштағы өнімдерді сатуға да осы мемлекеттік мекеме мұрындық болмақ.   

Айдана Хабиева, «Анаға тағзым» орталығының маманы:

- Базарда, басқа да дүкендерді қарайтын болсақ, бізде қазақша брендтік өнімдердің нүктелері жоқ десек те болады. Енді біздің басты мақсатымыз – халықты Анаға тағзым орталығының алаңына үйрету. Қазақша ұлттық нақыштағы киімдер, әшекей бұйымдар, ыдыс-аяқтар осы орталықта сатылады деген ой қалыптастыру және де кәсіпкерлердің саудасын жүргізу, қолдау көрсету.

Бір аптаға созылатын көрме аясында креативті кәсіпкерлерге «Kyzylorda Hub» бизнес-инкубатор өкілдері мен облысқа белгілі кәсіпкерлер қаржылық сауаттылық пен бизнесті дамыту бағытында шеберлік сағатын өткізеді.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев.