Нумеролог: Әр сөздің күшті энергиясы бар

Қазақ – сөзге тоқтаған халық.

Тарихымызда тауып айтылған сөзге адам құнын кешкен кездер де болған. Иә, тіпті жаудың қалың қолын бірауыз сөзбен кері қайтарған сәттер де бар. Сондай-ақ халқымыз сөздің киесі бар деп үнемі жақсы сөз айтып, әр істі жақсылыққа жоруға тырысқан.

Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:

- Ұйықтап кетсем болғаны төсегімде, қырықтың бесеуінде. Ақын М. Мақатаев осылай жырлады. Бір ғажайыбы, өлеңі өміріне айналған қазақ әдебиетінің мұзбалағы өзі айтқандай, 45 жасында бұл фәнимен қош айтысты.

Жай ғана сәйкестік дейін десең, өмірін өзі жазған тағдыр иелері тарихымызда көптеп кездеседі.  

Қазақтың бард ақыны Табылды Досымов та: «Ұйықтап кетсем бір күні, оянбай қалам», – деген еді. Ақыры солай болды.

Қазақ ән өнерінің Ақбаянына айналған Мәдина Ералиева да  өлім сәтін өзі болжағандай. Ол «Қош енді, қош бол» деп әндетіп, күрің күздің соңғы күндерінің бірінде өмірмен қош айтысты.

Ал айтыстың ақтаңгері Оразалы Досбосынов жыр басын «Атым Ораз болғанымен, отыздан жасым асқан жоқ» деп бастайтын. Сөйткен ақынның 29 жасында дәм тұзы таусылды. Тарқата берсеңіз, мұндай мысалдар жетерлік. Психологтар да бұл тылсым дүниені сөздің киесі бар деген сенімге сыйдырады.

Назира Кенжебекқызы, психолог:

- Шәкәрім атамыз айтқандай, сөз аузыңыздан шыққаннан кейін сіздің әдетіңізге айналады. Ол әдет мінезіңізге айналады. Мінезіңіз сіздің тағдырыңызға айналатынын нақты айтып кеткен. Тіпті бір күнде сені жоқ қылып жіберетін де, бір күнде сені айға апарып жіберетін де сөз құдіретінің мықты екеніне тоқталғым келеді.

Ал нумерологтар: «Шығармашылық адамдарының туған күнін есептеп қарасақ, олардың ішкі түйсігінің тым сезімтал болғанын байқауға болады», – дейді. Сол себепті де талант иелері болашақты көзбен көргендей етіп суреттегені жай сәйкестік емес секілді. 

Тұрсынгүл Күзденбаева, нумеролог:

- Әр сөздің қатты, күшті энергиясы бар ғой. Сондықтан мен, мысалы, адам ретінде жалпы адамдарға кеңесімді қандай кезеңде жүрсе де, «жақсы сөз – жарым ырыс» деген бар ғой, жақсы ойласаң, сіздің айтқан сөзіңіз, сіздің ойлаған сөзіңіз материалды болуы мүмкін. Сондықтан ол – факт нәрсе.

Ал бұрындары ата-әжелеріміз ұл-қызына «көсегең көгергір», «бай болғыр», «көбейгір» деп отыратын. Олар да сөздің киесі барын білген болар.

Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Ырыстанбек Оспанов.