«Елу жылда ел жаңа...» бірақ үй жаңа емес

Қызылорда облысында биыл 36 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өтеді. Олардың қатарында 50-60 жыл бұрын іргесі қаланған нысандар да бар.

Мәселе – Жалағаш кентінде де өзекті күйде тұр. Бұл ретте жергілікті биліктің жоспары қандай?

Жалағаш кентінің Үркімбаев көшесіндегі көппәтерлі үйдің іргесі 1970 жылдары қаланған. Содан бері күрделі жөндеу жасалмаған. Қыстың қытымыр күндері пәтерлер суып кетеді. Өйткені кіреберістегі есік-терезенің сау-тамтығы қалмаған дейді тұрғындар.

Алтынгүл Баймаханова, Жалағаш кентінің тұрғыны:

- Елу жыл болған үй ғой негізінде. Сүйегі мықты, ремонттаса әлдеде мықты ғой. Бірақ ремонт жоқ, алаңсыз. Жұмыла көтерген жүк жеңіл деп ел болып жиналып, осындай жасап беріп жатса нұр үстіне нұр болар еді.

Соңғы жылдары ауданда осындай 10 көпқабатты ескі үй жаңғыртылған. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табады. «Республикалық бюджет арқылы қаржы мәселесі шешілді, құрылыс жұмыстары наурыз айында басталады» - дейді мамандар.

Әліби Байнахатов, Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары:

- Қайтарымды қаражат есебінен 5,8 миллион теңге бөлінеді. Сол 5,8 миллионға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Екі үйге. Ішкі подездерін сылау, есік-терезесін салу жұмыстары жүргізіледі.

Төбесінен су ағады, есік-терезесі аңғал-саңғал, тоқ сымдары ашық-шашық тұр. Жалпы Жалағаш ауданында дәл осындай күйдегі 16 тұрғын үй бар екен.

Мұндай үйлердің тағы бір бөлігі демеушілер есебінен де жөнделеді. Бірінші кезекте Абай көшесі бойындағы 40 пәтерлі үйдің шатырын жаңалау жоспарланып отыр. Сонымен қатар ауласын абаттандырып, балаларға арналған ойын алаңы салынады. Ал облыс бойынша биыл 36 көпқабатты тұрғын үй жаңғыртылады.

Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев, «24.KZ», Қызылорда облысы