Жылқышы әулет

Жаздағы қуаңшылық, қытымыр қысқа ұласты. Иә, биыл қар қалың түсіп, арты көк мұзға жалғасты.

Мұндайда жылқының тебіндеуі қиын. Алты ай қыс болатын Арқадағы ағайын алдындағы Қамбар ата түлігін қыстан қалай аман шығарам деп уайымдап отыр.

Тәжірибелі жылқышылар даладағы малды алысқа ұзатпай, арық-тұрағын қолға қаратқан.

Астана іргесінде орналасқан «Жібек жолы» ауылына келдік. Мұнда Қамбар ата түлігін түлеткен әйгілі жылқышы отбасы тұрады. Атадан балаға жалғасып келе жатқан кәсіппен бүгінде немересі де айналысады екен. Ендеше жылқышылардың тыныс тіршілігімен танысайық. 

Алдымыздан үй иесі Амангелді ақсақалдың өзі қарсы алды. Алпыстың жетеуіндегі қарияның қазірге дейін қимылы шалт, қуаты қайтпаған. Ізінен ерген баласы мен немерелерін атакәсіптің қыр-сырына өзі баулиды.

Амангелді Алыпқашев, жылқышы:

- Омбыдан 1970 жылы көшіп келдік. 1975 жылы мектеп тәмамдадым, 10-класс бітірдім. Сол жылы осында бір жыл жылқы бақтым. Әрі қарай Мәскеуге оқуға кеттім.

Қатырма көк қағазды қолға алып, еңбек жолын Екібастұз қаласында жалғастырады. Тіпті уақыт өте келе басшылық қызмет те атқарады. Алайда атадан қалған кәсіп туған жерге оралмасына қоймады. Қайтып келіп, малшаруашылығына ден қояды. Міне, содан бері Амангелді ақсақалдың үйінен қылқұйрық үзілген емес.

Қарияның баласы Қайрат та қолына құрық ұстаған. Бір кездері қалалық атанғысы келгенімен, әкеден жалғасқан кәсіптен ұзамады. Әңгімені ат үстінде жалғаған ол, «Қалада тынысым тарылады, ауылдан алыстағым жоқ», - дейді.

Қайрат Амангелдіұлы Алыпқашев, жылқышы:

- Басында мал басы аз болды. Қазір 500-дің үстінде жылқы бар. Өзіміздің де, жұрттың қосқан малын да бағамыз. Жарықтық, төккен терің мен еткен еңбегіңді еш етпейді. Биелер төлдеп, жылдан жылға саны артып келеді. Қазір шабындық пен жайылым жайы қиынға соғып тұрғаны жасырын емес. Үкімет жер берсе, үйірлі жануардың басын одан әрі көбейткіміз келеді.

Әділ – Амангелді ақсақалдың немересі. Қалада оқу орнын үздік тәмамдағанымен, жұмыс іздеп әуре болмады. Ойланбастан отбасылық кәсіпті дөңгелетуге кірісті.

Әділ Амангелді, жылқышы:

- Жақында үйлендім, менің балаларым да атамның жолын жалғаса екен деймін. Өзім де, кішкентайдан атқа шауып, көкпар тартып өстім. Содан болса керек ауылға аңсарым ауып тұрады. Негізі оңай шаруа емес, табандылықты қажет етеді.

Иә, жылқы бағу оңай жұмыс емес. Арқаның алты ай қысына шыдап, малды аман алып шығу тәжірибелі жылқышының ғана қолынан келеді. Әрі қыстың ақ қар, көк мұзы мен жаздың қуаңшылығы қос бүйірден қысып тұр. Биылғы қыс та оңайға соқпаған.

Амангелді Алыпқашев, жылқышы:

- Көктемге дейін мына жылқы шыдай ма, шыдай алмай ма, белгісіз... Енді жұма сайын әкелгенде көрініп тұрады қалай жылқы жүдеп кеткені. Құлап жатыр далада, тайлар, байталдар. Сондай жағдай.

Ақасақалдың ендігі ойлағаны: «Тезірек жер аяғы кеңіп, малдың аузы көкке тисе екен». Әйтпесе, жылқы жарықтықтың күйі қашып барады. Қазір арық-тұрағын қолдан жемдеп, қорада ұстап отыр. Ақсақалдың өзі, маңдай теріміз далада кетпей, бала-шағаға бұйырса, дейді. Бұл әулетте қазір жылқышылардың төртінші толқыны өсіп келеді.

Шернияз Жалғасбекұлы, Мұрат Әріпханов, «24.KZ»