Қазақстан – жастар елі

Былтыр елдегі жастардың саны 2 млн-ға көбейді. Тәуелсіздік алған жылдардан бері туу көрсеткіші де айтарлықтай өскен.

Германияның «Фредрих Эберт» қорының мамандары әлеуметтік зерттеу жүргізіп, Қазақстан халқының тең жартысы жастар деп пікір білдірген болатын.

Ұлттық статистика бюросы ұсынған ақпарат та осыған саяды.

Қазақстан – жастар елі. Немістің «Фредрих Эберт» қоры 2 жыл бұрын жүргізген зерттеуінде елімізді осылай атады. Онда 19 млн халықтың тең жартысы жастар деп жазылған. Ал әлемнің көп елі, халықтың қартаюы белең алды деп бас ауыртып отыр.

2022 жылы жүргізген есепте жер шарында 65-тен асқан 771 млн адам бар екені белгілі болды. Бұл барлық адамның 10 процентіне тең. Ал 2050 жылы бұл көрсеткіш – 16, 2100 жылы – 24 процентке жетеді деген болжам бар.

Ерлан Көпес, Халық статистикасы департаментінің бас сарапшысы:

- ҚР халық саны – 20033546 адам. Оның ішінде балалар саны – 5,5 млн. Жастар саны – 5,7 млн. Орта буын саны – 6,3 млн және қарттар саны – 2,2 млн.

Әлем халқының қартаюына ондағы демографиялық өсімнің тұралауы мен өмір сүру жасы ұлғайғандығы себеп. Әрі 1-2 баламен шектелетіндер де бұл үдерістің қарқынды жүруіне үлес қосады. Дамыған елдерде отбасы құрғанмен, бала бағудан қашатындар, яки оның туғанын қаламайтындар жетерлік. Бізде туу көрсеткіші тәуелсіздік жылдарынан бері тұрақты өсіп келеді.

Ерлан Көпес, Халық статистикасы департаментінің бас сарапшысы:

- 2022 жылы туу көрсеткіші сонау тәуелсіздік алған 1991 жылмен салыстырсақ, 353 мың адамнан 403 мың адамға дейін көбейген. Яғни 14 процентке дейін көбейген. Сонымен бірге 2022 жылы туғандар саны 2021 жылы туғандарға қарағанда азаю үрдісі байқалады. Яғни 2021 жылы 426 мың, ал 2022 жылы 403 мың бала туылған.

Қартаю – экономикалық тұралауға әкеледі. Қарттары көп елдерде жұмыс күші жетіспеушілігі байқалып, зейнетақы қорының тиімсіздігі секілді әлеуметтік мәселелер көбейген. Бірақ бұл жастар көбейсе, елде қиындық болмайды деген сөз емес. Біздің билікті болашақта бірнеше түйткіл тығырыққа тіреуі мүмкін. Алда оқу орындарының жетіспеушілігі, пәтер жайы, жұмыссыздық белең алуы ғажап емес. Жауаптылар бұған дайынбыз деп сендірді.

Қайрат Қамбаров, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы:

- Осы көрсеткіштерді ұлғайтуға байланысты 2023-2029 жылдарға байланысты концепцияны бекіткен болатынбыз. Концепцияда 7 бағыт пен нақты индикаторлар көрсетілген. Ол жақтағы басты мақсатымыздың бірі – жастарды жұмыспен қамту. 2029 жылға дейін 1 млн-ға дейінгі жасты жұмыспен қамтимыз.

Екі жылда елдегі жастар саны айтарлықтай өсті. Оған «жас» статусының кеңейтілгені де себеп. 2022 жылы 14 пен 35 жас аралығындағы адамдарды жас санатына жатқызу заңмен бекітілді. Яғни жас статусы 29-дан 35-ке көтерілді. Мәселен, заң өзгермей тұрып Қазақстанда 3,6 млн жас болса, кейін олардың саны 5,7 млн адамға өсті.

Шернияз Жалғасбекұлы, 24.КZ