Балықшылығың өзіңе, амандығың қымбат!

Жетісу облысының құтқарушылары былтыр осындай қыста мұздың опырылуынан суға құлаған бес балықшыны құтқарып қалған еді.

Осындай қауіпті жағдай биыл да қайталанбас үшін төтенше жағдай департаменті сақтықты күшейтті. Құтқарушылар көлге шығып, бірқатар жұмысты пысықтады.

Құтқарушылар оқыс жағдайға сақадай сай болуы керек. Сондықтан олар үнемі шеберлігін шыңдап, тәжірибесін арттырып отырады. Қызметкерлердің жұмысын жеңілдету үшін былтыр арнайы техника берілді. Сумен де, мұзбен де жүретін қайық оқиға орнына жылдам жетуге мүмкіндік береді. 

Төлеуғали Ыбрайымов 20 жылдан бері мұз астынан балық аулаумен әуестеніп келеді. Тәжірибелі балықшы әрбір қыста айдынды Алакөлге келіп қармақ салады. Осылайша ол қаланың қым-қуыт тіршілігінен тынығып әрі олжалы болып қайтады. 

Төлеуғали Ыбрайымов, әуесқой балықшы:

- Алабұға, көксерке түседі. Бұл адамға өте пайдалы балық, екеуінде де фосфор көп. Бос уақытымызда аулаймын. Мәселе көп ұстау да емес, таза ауада демалып қайтқан керемет. 

Көлдің терең тұсында балық қармақты жақсы қабады. Сондықтан балықшылар да мұз үстімен жүріп, жағалаудан ұзап кетеді.

Біз қазір Алакөлдің жағалауынан бес жүз метр жерде тұрмыз. Бұл жердегі мұздың қалыңдығы шамамен жиырма бес отыз сантиметрге жетеді. Мұздың жарылған жерін жағалай отырған балықшылар үшін ауа райы қолайлы болып тұр. Бірақ күн әп сәтте өзгеріп, көпшілікке қауіп төндіруі мүмкін.

Алакөлде көбіне ақтүтек боран соғады. Сол кезде мұз жарылатын кездер жиі болады. Құтқарушылар балықшыларға қауіп-қатер төнген жағдайда жасалатын іс әрекеттерді айтып, қажет құрал-жабдықтарды да тізбектеп берді.   

Марат Смағұлов, ТЖД Алакөл құтқару қызметінің жетекшісі:

- Мұз үстіне шыққанда құтқару кеудешелерін қолданса, өздерімен бірге 5-6 метр арқан-жіп алып жүрсе дейсің. Мұз да әртүрлі болады. Көкшіл, ақшыл мынандай мұз автокөлікті көтермейді. Толық тығыз қатпаған. Сол үшін мұз айдындарына автокөлікпен шығуға болмайды.

Өткен қыста Алакөлдің бетіндегі мұздың опырылуынан бес адам суға құлап абырой болғанда аман қалған. Қайғылы жағдайға душар болмас үшін саладағылар қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау керек деп отыр.

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев, «24.KZ» Жетісу облысы