Алматы облысында «Орта Қақпақ» су электр станциясы пайдалануға берілді

Алматы облысының Райымбек ауданында «Орта Қақпақ» су электр станциясы пайдалануға берілді.

Оның номиналдық қуаттылығы 2,2 МВт. Құрылысы 2021 жылы басталған жобаның жалпы құны 1,5 млрд теңге.

Айта кету керек, бұл Алматы облысының Райымбек ауданындағы құны 1 млрд теңгеден асатын ең ірі инвестициялық жоба.

«Орта Қақпақ» су электр станциясы жылына 13 млн КВт электр қуатын өндіреді. Мұндағы су құбырының ұзындығы 4 шақырым. «Қайнар» қосалқы станциясына ұзындығы 12 шақырым болатын 10 КилоВольттық желі тартылған. Өндірілген қуат көзі сол арқылы таратушы компанияға жеткізіліп, одан ары тұтынушыларға беріледі.

Жанұзақ Қонаев, жобалаушы инвестор:

- Бұл қаржы жеке өзіміздің қаржы, кредит алып, кредитке салынды. Біз басында жобалағанда 1,2 млрд деген болатынбыз. Содан кейін қымбатшылық жағдайы болып, 1,5-ке дейін көтеріліп кетті. Сағатына 13 млн КВт бір жылға солай береді. Бұл судың көбеюіне, азаюына байланысты қуаты көтеріліп, түсіп тұрады.

Марат Сұлтанғазиев, Алматы облысының әкімі:

- Біздің облыс мынау баламалы энергетикаға өте ыңғайлы. Жел жағынан болсын, күн жағынан болсын, су жағынан болсын жақсы. Сол себептен оны дамытуға тиістіміз. Ол экологияға да, адамға да, бәріне пайдалы.

Жобаны жүзеге асыру барысында 45 адам жұмыспен қамтамасыз етілсе, енді автоматты түрде басқарылатын заманауи су электр станциясында 4 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыс істейтін болады.

Қайрат Әшеков, Су электр станциясының механигі:

- 1 жыл бойы құрылыс болды. Одан кейін осында қалдық 4 адам. Осы ауылдың азаматтарымыз. Қазіргі заманауи техникамен салынған, компьютермен басқарылады бәрі. Бәрі жақсы. Айлығымызды уақытымен береді. Айлығымыз жеткілікті өзімізге.

Сондай-ақ биыл номиналдық қуаты 5 МВт-тық «Үлкен Қақпақ» су электр станциясы салына бастайды. Аталған екі нысанда өндірілетін қуат көзі Райымбек және көршілес Кеген ауданын электр қуатымен қамтамасыз етуге жетеді. Болашақта Байынқол өзенінен номиналдық қуаты 27 МВт-тық каскадты су электр станциясы салынып, пайдалануға беріледі», - дейді қуаткерлер.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев