Еліміздің 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспары әзірленді

Маңызды құжатта Қазақстанның таяу жылдардағы экономикалық-әлеуметтік басым бағыттары анықталған.

Ұлттық жоспар ел экономикасын екі есеге арттырып, халықтың әл-ауқатын айтарлықтай арттыруды көздейді.

Елдің 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспары Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленді. Бұны еліміздің Тәуелсіздік жылдарында қабылданған маңызды Стратегиялық құжаттардың заңды жалғасы деуге болады. Ұлттық даму жоспары 17 нақты бағытты қамтып, елдің жаңа экономикалық модельге көшуін жүзеге асырады.

Жандос Шаймарданов, ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы:

- Құжаттың маңызды мақсаты – ел экономикасын екі есе арттыру, оның ішінде 17 бағдар бар. Бизнес сарапшылар қоғамдастығы қазір осы құжаттың дайындалуына белсенді ат салысып жатыр. Құжаттың тұжырымдамасын бірнеше алаңда алдын-ала талқыладық.

Ұлттық Даму Жоспарын іске асыру 2029 жылға қарай келесідей нәтижелерді беруі керек. Экономиканың жылдық өсу қарқынын 6-7% көлемінде сақтай отырып, жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің көлемі 2 есеге дейін өсуі тиіс. Сондай-ақ, ел азаматтарының әл-ауқаты айтарлықтай артып, орташа жалақы жоғарылауы керек. Жаспардың ең басты мақсаты – еліміздің ЖІӨ-ін 2029 жылға қарай 450 млрд АҚШ долларына жеткізу. 

Гүлнәр Бижанова «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары:

- Қазақстан экономикасы дамуы үшін бұл құжаттың маңызы зор. Өйткені, бұл негіздің негізі болып табылатын ұлттық жоба. Оның аясында кейін стратегиялық құжаттар қабылданады. Кәсіпкерлердің заңды құқықтарын қалай қорғаймыз, қалай көтереміз. Конструктивті ұсыныстарды палаталардан, эксперттерден жинақтап, осы агенттікке ұсындық.

Елдің Ұлттық даму жоспарында білім, ғылым, денсаулық сақтау салалары бойынша межелі міндеттер қойылған. Мәселен, 2-ден 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 2029 жылға қарай 100%-ды құрауы тиіс. Алдағы бес жылда денсаулық сақтау жүйесі кешенді жаңғыртудан өтіп, қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жетуі мүмкін. 2029 жылға дейін әлеуметтік қолдау шаралары да өз нәтижесін беріп, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі қысқаруы керек.

Ерлан Смайлов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы орынбасарының кеңесшісі:

- Осы құжат аясында әртүрлі саланың өкілдері өздерін толғандырған мәселені ортаға салып жатыр. Тау-кен металлургия, геология, шағын және орта бизнес, халықты әлеуметтік қорғау, басқа да салалар Ұлттық даму жоспары шеңберінде қамтылған. Біз алдағы уақытта да осы ұсыныстардың барлығын ескеріп, оны 2029 жылға дейінгі даму жоспарына енгіземіз.

Маңызды құжат сарапшылар, экономистер, парламент депутаттарының назарына ұсынылып, алда тағы бірнеше талқылаудан өтеді. Жоспардың толық нұсқасы жұртшылық үшін нормативтік актілердің интернет порталында жарияланған.

Авторлары: Қуандық Танабас, Жандос Битабаров