Зайсан шекара басқармасының құрылғанына 100 жыл

Шекара шебін күзеткен жасаққа 100 жыл.

Елдің шығысында 1 ғасыр бұрын құрылған Зайсан аудандық шекара басқармасының мерейтойы атап өтілді. 1924 жылы құрылған бұл жасақ Қытаймен арадағы 400 шақырымдық жерді күзетіп келеді. Басқармада әр жылдары қызмет еткен әскерилер түрлі қарулы қақтығыстарға да қатысып, антына адал, сертіне берік екендіктерін дәлелдеген.

Риат Шони, тілші:

- Зайсан аудандық шекара басқармасының тарихы дәл осы ағаш үйден басталады. Өткен ғасырда, яғни 1924 жылы дәл осы үйде еліміздің шығыстағы шекарасын қорғайтын жасақ құрылған болатын. Бұрынғы шіркеу әскерилердің клубына айналып, Зайсан аудандық шекара басқармасының тарихы басталған екен.

Зайсан аумағы сонау қазақ хандығы кезінде белгіленген еліміздің шекарасы екен. Абылай ханның Қытай императорымен келісімін де Ресей патшасы негізге алып келген. Тұмса табиғатқа бай өлке сол кезден бері ерекше қорғауда болған.

Арнай Дәулетов, Зайсан аудандық шекара басқармасының тәрбие және идеологиялық кадрлық бөлімі бастығының орынбасары:

- Кейіннен осы аумақтың күрделілігіне байланысты 1924 жылы сол уақыттағы қарасты Түркістан округында Фрунзенің бұйрығымен 24 ақпанда 28-ші атты әскер отряды құрылады. Сол жылдан бастап 23 ақпан 1924 жылы сол кездегі шекара отрядының, қазіргі шекара басқармасының құрылған күні болып есептеледі.

1 ғасырлық тарихы бар Зайсан аудандық шекара басқармасын әскерилердің ұстаханасы деуге болады. Ел басына күн туған шақтарда осы отрядтан талай ер азамат атқа қонған. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ерікті түрде 1181 адам майдан даласына аттанған. Одан кейін Ауғанстан, Тәжікстандағы қарулы қақтығыстарға да қатысқандар бар. Олардың барлығы бірдей елге қайтып оралмады. 100 жылдық мерейтойды атап өтуге келген ардагерлер сол батырлардың рухына тағзым етіп, еске алды.

Зайсан шекара басқармасының қызметкерлері іргедегі Қытаймен арадағы 400 шақырымды қысы-жазы күзетеді. Қазір бейбітшілік орнаған тыныш заман болғанымен Кеңес Одағының тұсында бұл аумақ өте күрделі жерлердің бірі саналған. Елдің шығысында қанды қырғынға ұласқан Жалаңашкөл оқиғасы да болғаны тарихтан белгілі. «Осындай күрделі кезеңде ел шекарасын абыроймен күзеттік», – дейді ардагерлер.

Қабдолла Тергембаев, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің ардагері:

- Шекара белгілегендегі кейбір анықталмаған жерлерін Қытай жақ біздікі деп даулап, қыстыгүні де келіп игеріп аламыз, жаздыгүні де келіп игеріп аламыз деген жерлері бірталай болған. Қару деген қолдануға дайын тұрады. Бірақ арқада жүреді. Олар да – адам баласы, біз де – адам баласы. Олар да – қарулы ер азаматтар, біз де кем емеспіз, артық болмасақ. Сол, көбінде біз жақ күш көрсетіп, ығыстырып, итеріп шығарып жүрдік.

Негізі егеменді еліміздегі шекара басқармаларын құру ісі осы Зайсанның негізінде жүргізілген. Ең тұңғышы – осы. Бұл жерден 3 бірдей генерал шыққан екен. Міне, тарихтан сыр шертетін көптеген мәліметтер мен жәдігерлер басқарманың жаңадан ашылған музейіне қойылған. Мерейтойға орай ғимаратты ашуға Зайсан аудандық шекара басқармасының ардагерлері қаржылай көмек көрсетіп, көптеген құнды заттарды өздері әкеліп тапсырған екен.

Айнұр Марқабаева, Зайсан аудандық шекара басқармасының кітапханашысы:

- Шамамен енді 400-ден асып қалады. Барлығын қосқанда. Альбомдары бар, құттықтау хаттары бар, фотосуреттер бар. Жалпы жәдігерлерді жинаған оңай болған жоқ, әрине. Ол бір айлық жұмыс емес. Өзім айтып өткендей, осы мұражай құрылғаннан бастап жинақталып, жылдар бойы жинақталып, бұл еңбектің астарында көптеген қызметкерлердің, басшылардың барлығының еңбектері өте көп.

Жалпы Зайсан аудандық шекара басқармасының 100 жылдық мерейтойын атап өтуге 350-ге жуық қонақ келді. Арасында Ресей, Беларусь елдерінен де арнайы ат басын бұрған ардагер шекарашылар бар. Қызмет кезеңдерін еске алған олар шекара шебінде әрдайым тыныштық болсын деп тарқасты.

Авторы: Риат Шони.