Павлодарда құрылысы созылған үйлер тапсырылады

Павлодарда 5 жыл бойы бос тұрған үйлер қолданысқа беріледі.

«Әуежай» шағынауданында екі қабатты 37 үйдің құрылысы 2019 жылы аяқталған. Бірақ оның жобалық-сметалық құжаттамасы дұрыс жасалмаған. Соның кесірінен үйлердің санитарлық бөлмелерін жабдықтап, баспалдақтарын салуға қаржы жетпей қалған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің араласуынан кейін нысанға бірқатар түзетулер енгізіліп, үйлерді арзанға сатуға рұқсат берілді. 

Рахметолла Дайыров, Қалалық құрылыс бөлімі сектор басшысының м.а:

- Жобаны іске асыру кезеңінде іргетасын қалауға қаржы қарастырылмапты. Сондықтан баспалдақ пен санитарлық бөлмені жасауға ақша жетпей қалды.

Диас Сағитов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің волонтёрі:

- Бұл үйлердің құрылысы бес жыл бұрын аяқталған еді. Құрылыс бөлімі енді жобадан санфаянс пен баспалдақты алып тастағанын хабарлады. Біз, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өңір тұрғындары үшін осы тұрғын үйлерді жеңілдікпен сатуды талқыға салмақпыз.