Шымкенттегі қосалқы станция құрылысы қашан аяқталады?

Шымкенттегі құрылысы ұзаққа созылған қосалқы электр станциясы биыл аяқталады.

Нысан қолданысқа берілгенде 50 мыңға жуық халық сапалы қуат көзімен қамтылады. Мамандар қосалқы станциядағы жұмыс бітуге жақын қалғанын айтады. Дегенмен «әзірге іске қоса алмаймыз» дейді.

«Ақжар» тұрғын үй алабындағы қосалқы электр станциясының құрылысы 5 жыл бұрын басталған. Сапалы электр қуатынан үмітті тұғындар да күте-күте шаршапты. Биік қоршаудың арғы жағында не болып жатқаны белгісіз.

Рзабек Меңдіқұлов, Қалалық энергетика және және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы:

- Әрине, ең бастысы – жобаны аяқтау. Дегенмен бізге қосымша қуат қажет. Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін станцияның қуаттылығы жоғары болуы шарт.

Қосалқы станция құрылысының мұнша ұзаққа созылуының бірнеше себебі бар. Нысан орналасқан жер теліміне қатысты сот процестері өтті. Мәселе енді шешімін тапқанда құрылыс материалдары қолды болған.

Акрал Махмудов, техникалық қадағалаушы:

- Жер астымен жүргізілген  шамамен 6 шақырым электр желісі қолды болды. Ұрылар оны түсті металлдар қабылдайтын орынға өткізіп жіберген. Әрине, кінәлілер жауапқа тартылды. Дегенмен соның салдарынан құрылыс жұмыстары тоқтап қалды.

Ұрланған электр желісін қалпына келтірмей қосалқы станцияны іске қосу мүмкін емес. Сондықтан көрші мемлекетке тапсырыс берілген. Жақын күндері келіп қалады дейді жауаптылар. Ал оған дейін нысан құрылысының ұзаққа созылып кету себебін жемқорлыққа қарсы қызмет тексеретін болады.   

Алексей Колосков, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасарының м.а:

- Электр желісінің ұрлығы мен өзге де мәселелер құрылыстың 1 жылдан астам уақытқа созылуына қаншалықты әсер етті. Біз осыны анықтау мақсатында жұмыс жасаймыз. Одан әрі мердігердің қызметіне араласпай, құрылыс жұмыстарының орындалуын қоғам өкілдерімен бірге бақылаймыз. 

Қосалқы станцияның құрылысын тезірек аяқтау өте маңызды. Себебі, «Ақжар» мен оған көршілес ықшамаудандар жылдам өсіп келеді. Жақында ғана мұнда үй салғандар электр қуатына қосылуда біршама қиындықтарға тап болған.

Қалбөбе Жұмалиева, қала тұрғыны:

- Мына қазір келген отбасыларға жарық бермейді. Қуаты аз, жоқ дейді. сонымен бұлар да жарықсыз отыр. Бала-шағалары бар.

Қосалқы станция құрылысына қазынадан 6 млрд 600 млн теңге бөлінген. Қыруар қаржы жұмсалған жобаны соңына дейін жеткізу маңызды. Сондықтан оны бақылауға жемқорлыққа қарсы еріктілер тобы да тартылған. Қала билігі нысан құрылысы мамыр айында аяқталады деп сендіріп отыр.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Катерина Попкова, Нұрмахан Бекмұратов