Кеген ауданында Жастар ресурстық орталығы ашылды

Алматы облысының Кеген ауданында Жастар ресурстық орталығы ашылды. 

Құрылысына бюджеттен 300 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген.

Кеген ауданы халқының үштен бір бөлігі 14 пен 35 жас аралығындағы жастар. Енді жаңа ғимаратта елімізде жүзеге асып жатқан мемлекеттік бағдарламалар жайлы мағлұмат алып, түрлі кеңес өткізеді және спортпен шұғылдана алады.

Жастар ресурстық орталығы Президент тапсырмасына сәйкес, ауылды аймақтарда жастар саясаты туралы Заңды іске асыру, жастардың рухани-мәдени әлеуетін көтеру және олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында ашылды. Өңірде 14 пен 35 жас аралығындағы 10 мыңға жуық жас бар. Олардың дені ауылшаруашылығында, білім мен денсаулық саласында еңбек етеді.

Қайрат Қамбаров, Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы:

- Біздің басты мақсатымыз - министрліктің тапсырмасы бойынша және комитеттің атқаратын жұмысы - жастарға басты бағыт-бағдар беру. Қолдарына қармақ беру. Осы орайда осындай орталықтар сол жұмысты жүзеге асыратын болады. Жалпы өткен жылы 2023-2029 жылға дейінгі бағдарлама бекітілген болатын. Соған байланысты көптеген ауыл жастарына, қала жастарына жәрдем көрсетіледі.

Мұнда  ауыл жастарына «Жас проект», «Тәуелсіздік ұрпақтары», «Дарын» және жастарды баспанамен қамту бағдарламалары кеңінен түсіндіріледі. Олар өз кезегінде  ақпаратты замандастарымен бөліседі.

Тоғжан Біржансал, Аудандық Жастар ресурстық орталығының жетекшісі:

- Біздің жастар орталыққа келіп спортпен шұғылданады. Коворкинг орталығына кіріп, кітапханада кітабын оқиды, кофесін ішеді. Сол жерде өздері демалып, одан кейін конференц-зал бар. Конференц-залға келіп, кез келген уақытта жобалар бойынша талқылап отырамыз. Мемлекеттік бағдарламалар уақытылы түсіндіріліп отырады.

Аудан жастары түрлі спорттық бәсекелерде жетістікке жетіп жүр. Солардың бірі - тоғызқұмалақшы Мейрамбек Талғатұлы. 

Мейрамбек Талғатұлы, оқушы:

- Осы тоғызқұмалақ ойынына қатысып жүргеніме 5 жарым жыл болды. 2021 жылы 9 жас аралығында Семейге барып, алтын медаль алып қайтқанмын. Осы ауылда ашылып жатқан ғимаратқа қуаныштымын. Енді біз осы жерге келіп дайындаламыз.

Осындай Жастар ресурстық орталығы Қонаев қаласында да ашылды. Алғашқы жартыжылдықта Балқаш ауданында жаңа орталық пайдалануға беріледі. Қалған 7 аудан бойынша Жастар ресурстық орталығы ғимаратының модернизациясы өтеді.

Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов