Ұлытаудағы шалғай аудандарда интернет сапасы төмен

Ұлытау облысының шалғай ауылдарында 10 мыңнан аса тұрғын сапасыз интернет пайдаланып отыр.

Отызға жуық елді мекенде ғаламтор желісі атымен жоқ. Тіпті Жезқазғанның өзінде мобильді интернет сапасына шағым көп.

Мұндай проблема тек Ұлытау ғана емес, өзге өңірлерде де өзекті. Технология дамыған заманда электронды қызметті пайдалана алмай отырған тұрғындардың мәселесі қашан шешіледі?

Жезқазғандық Толқын Балқыбаева ерекше қамқорлықты қажет ететін балаларды қолдау қорына жетекшілік етеді. Қоғамдық ұйымның күнделікті жұмысы мен есеп-қибасын түгелдей электронды түрде жүргізеді.  Интернеттің нашарлығынан жұмысым жүрмейді, деп шағымданды. Өзі тұратын Бекболат шағынауданында мобильді интернет сапасы төмен.

Толқын Балқыбаева, қала тұрғыны:

- Видеолар жасаймыз, өзіміздің парақшаларымызды өзіміз жүргізгендіктен загрузка жасаған кезде тежеу бар. Ұзақ загрузка жүреді, кейде кетпей қалад. Сондай моменттер уақытымызды алады, қиындықтар туғызады.

Өңірдегі тарихи орындар да ұялы байланыспен қамтылмаған. Туристер жиі келетін Жошы хан кешеніне интернет тартатын діңгек-антенна қойылады. Басқа да туристік орындарды қамту жоспары бар. Жалпы облыстағы 80 елді мекеннің 37 процентінде мобильді байланыс пен интернет жоқ.

Ерлан Янабаев, Облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы:

- Мәселені шешу үшін үкіметпен «Қолжетімді интернет» бағдарламасы қабылданды. Соған сәйкес 36 ауылда 2024-2027 жылдары аралығында оптика жүргізетін боламыз. Ауыл тұрғындары интернетпен қамтамасыз етілетін болады. Сонымен қатар қазір әкімдік пен байланыс операторларымен жол картасы әзірленіп жатыр. Соған сәйкес 2024-2026 жылдары 27 ауылда жоғары жылдамдықты интернет қамтамасыз етіледі.

Ақтөбе облысы

Шалғай ауылдарға интернет жеткізуге қиындық тудырып отырған мәселе – ондағы адам санының аздығы. Халқы аз ауылдарға қызмет көрсетуді байланыс операторлары тиімсіз санайды. Дегенмен Ақтөбе облысында бұл мәселе биылдан бастап шешімін таба бастады. Облыс әкімдігі мен байланыс операторлары арасындағы келісім бойынша 100-ден төмен тұрғыны бар ауылдарға желі тартады.  Биылдың өзінде 44 елді мекен мобильді интернетке қосылады.

Заманбек Жақсылық, Облыстық цифрлық технологиялар басқармасының бөлім басшысы:

- Кейбір елді мекендер бар мобильді байланыс жоқ болғанымен, ол жерде яғни сымды интернет. Оларды тек үйде ғана қолданады да үйден шығып кеткен жағдайда ешқандай байланыспен жоқ болады. 30-дан астам елді мекен бар біздерде. Бірақ ол жерлерде халық саны кішкентай. Оларды да қарастырып жатырмыз қамтамасыз ету үшін.

Ақмола облысы

Ал Ақмола облысында халық саны көп елді мекендердің өзінде интернет сапасы төмен. Соның бірі Қонысбай ауылы. Облыс орталығынан небары 25 шақырымда орналасқан ауылда 2 мыңға жуық тұрғын бар.  Олар аязды күндері қашықтан оқыған балалардың үй жұмысын орындай алмай қиналғанын айтады.

Анар Шүкенова, Қонысбай ауылының тұрғыны:

- Бізде енді округта 3 ауыл бар. Васильков, Гранитный және Дөңгілағаш. Біз бұл сұрақты әкім келгенде сходтрда көтергенбіз. Ол кісілер жағдайды реттейміз деп айтты. Бірақ қазіргі уақытта да осындай жағдай болып тұр. Оқушыларға қиын. Қыста аяздар болды ғой. Сол кезде балалар үй жұмысын жасай алмай қиналады.

Атырау облысы 

Интернеттің игілігін ерте көрген өңірлер де бар. Мысалы Атырау облысында елді мекеннің 99,2 проценті интернетпен қамтылған. Биылдан бастап 5G базалық станциясы да қойылып жатыр. Жыл соңына дейін 40-ын орнату жоспарда. Ұялы телефоны мен жоғары жылдамдықтағы интернетті табыс көзіне айналдырғандардың бірі Гүлбану Ғарифоллаева. СММ-маркетолог әлеуметтік желінің қыр-сырын меңгеріп, кәсіпкерлердің жұмысын жарнамалап жүр. 

Гүлбану Ғарифоллаева, маркетолог:

- Менің жұмысым осы интернет арқылы жүзеге асатын болғандықтан маған интернет ауадай қажет. Өйткені біз кәсіпкерлердің кәсібін әлеуметтік желі арқылы дамытамыз және олардың табысын өсіреміз. Кей кезде интернеттің жылдамдығының төмендігінен біздің жұмысқа кедергі келіп қалып жатады. 

Алыс ауылдарды цифрландыру деңгейі әзірге мардымсыз. Сапалы интернет күткен тұрғындардың ендігі үміті «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасында. Оның аясында 3 мыңнан астам ауылды интернетпен қамту жоспарда. Шалғайдағы шағын ауылдық елді мекендерді кең жолақты интернет желісімен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін ғарыштық байланыс жүйесін пайдалану көзделіп отыр.

Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев