СҚО-да ірі көпірлер апаттық жағдайда

Солтүстік Қазақстан облысында екі ірі су қойманың көпірлері апаттық жағдайда тұр.

Жол өткелдерінің тіреуіштері бір-бірінен ажырап, жарыла бастаған. Бұл ретте мамандар ауыр жүк көліктерінің қозғалысына шектеу қою керек деп дабыл қағып отыр. Бірақ олардың сөзіне құлақ асып жатқан ешкім жоқ.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Бұл көпір сонау 1969 жылы салынған. Содан бері бір де бір рет күрделі жөндеу көрмеген өткел былтыр апаттық деп танылды. Енді онымен салмағы 32 тоннадан асатын осындай жүк көліктерінің жүруіне тыйым салынған.

Бірақ оны елеп жатқан ешкім жоқ. Көпір үстімен тәулігіне 300-ге жуық жүк көлігі өтеді. Мамандар шектеу белгілерін қойғанымен олардың ешқайсысын тоқтатып тексере алмайды. Ал өткел көз алдарында бұзылып барады. 

Бақытжан Амантаев, Сергеев су торабының бастығы:

- Өткен жылы многофакторный обследования өткіздік. Сол многофакторный обследования бойынша мост аварийный деп признать етілген. Нақты мінекей мынау Т образный балкалар дейді моста. Соларға енді зиян келіп жатыр. Өзіңіз көріп тұрсыздар жарылып жатыр.

Бұл көпірдің астымен Есілге Сергеев қоймасына сыймаған су ағады. Ал оның сыйымдылығы 700 млн. текше метр. Енді мамандар өткелдің екі жағына өлшеу құралдарын орнатуды жоспарлап отыр. Ол әр көліктің салмағын автомақты түрде анықтайды.

Рүстем Марқасарин, Шал ақын ауданының сәулет, құрылыс, ткш жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Жүк көліктің салмағы шамадан тыс болса, мемлекеттік нөмірі арқылы айыппұл салынады. Бұл жүйеге 40 млн. теңге қарастырылып қойды. Биыл орнатылуы тиіс.

Солтүстік Қазақстан облысындағы су жүйесін осы және Петропавлдағы торап реттейді. Оның да көпірі апаттық жағдайда. Өткелдің бетон тіреуіштері бір – бірінен ажырап, жарыла бастаған. Мамандардың айтуынша, «бұның арты ірі апатқа соғуы мүмкін. Сондықтан көлік қозғалысын шектеу керек» дейді. Ол үшін айналма жолдар да бар.

Шұғайып Ибатуллин, «Қазсушар» РМК СҚОФ директоры:

- Сергеев су қоймасындағы автомостың бұзылуы ол бүкіл гидроузельдің жұмысының тоқтауына әкелуі мүмкін. Сондықтан да бұл үлкен мәселе. Мынау Петропавлдағы су қоймасындағы мынау мостың бұзылуы ол осы техникалық состояниясына жағдайының нашарлауына әкелуі мүмкін. 

Биыл апаттық деп танылған қос көпірді толық тексеру үшін республикалық бюджеттен 140 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген. Оның қорытындысы бойынша күрделі жөндеуге жобалық – сметалық құжаттар дайындалады. 

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков