Елімізде мүгедектігі бар жандар үшін жеңілдетілген ұялы байланыс тарифтері енгізіледі

Байланыс операторларына осындай міндеттеме жүктеледі.

Бүгін Мәжіліс екінші оқылымда қабылдаған байланыс, цифрландыру және ақпараттандыру саласына қатысты заңда осы және өзге де бірқатар түзету бар: Байланыс операторлары төтенше жағдай кезінде смс-хабарлама жіберуге міндетті болады. Азаматтардың интернет алаяқтарының құрығына түсу оқиғаларын азайту мақсатында Ұлттық банк жанынан арнайы орталық құрылады. Ол заңсыз, күмәнді ақша аударымдарын бақылап, алаяқтардан түсетін қоңырауларды қадағалайды.

Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Заң жобасы аясында бірқатар түзетулер мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға бағытталған. Ол 24 қаңтарда 1 оқылымда мақұлданды. Депутаттар ұсынған бастамалардың ішінде бірқатар нормаларды ерекше атап өткім келеді. Пилоттық жоба шеңберінде геостационарлық емес спутниктерді (старлинк, уанвеб) пайдалана отырып, байланыс технологияларын енгізу үшін ерекше реттеу енгізіледі. Бұл шалғай ауылдардағы әлеуметтік нысандарды интернетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.