Атырау мұнай өңдеу зауытының ескі бөлігіндегі жабдықтар жаңартылады

Соның арқасында шикізат терең өңделіп, ашық түсті мұнай өнімдерінің көлемі артады.

Қазір зауыт елімізде автобензин сұранысының үштен бір бөлігін жауып отыр. Өнімдердің сапасы жоғары, экологиялық таза әрі нарық талабына сай.

Зауытта былтыр рекордтық 5500 млн тоннаға жуық мұнай өңделді. Энергетика министрлігінің жоспары 101 процентке орындалды.

Нариман Қасанов, «АМӨЗ» ЖШС өндіріс бөлімінің басшысы:

- Жыл басынан бері 4 млн 889 мың тонна тауарлық өнім шығарылды. Оның ішінде автобензин – 1 млн 700 мың тоннаға жуықтайды. 1 млн 600 мың тоннадай дизель отыны мен 125 мың тонна реактивті отын өндірілді. Ал сұйытылған газ 193 мың тоннаға жетті.

Атырау мұнай өңдеу зауыты – өңірдегі ең ірі салық төлеушілердің бірі. Былтыр 22 млрд теңге республикалық бюджетке, ал 130 млрд теңге қалалық бюджетке төленді. Зауыттағы үш кезеңді жаңғыртудың арқасында салық төлемдері жыл сайын артып келеді.

Қанат Рәукен, «АМӨЗ» ЖШС Өндіріс жөніндегі департамент басшысы:

- Қолданыстағы қондырғылардың жұмысын жақсарту мақсатында 2023 жылы «АМӨЗ-да» тиімділігін арттыру» жобасы қолға алынды. Жоба аясында зауыттың ескі бөлігіндегі жабдықтарды жаңарту жоспарлануда. Атап айтқанда, баяу кокстеу, ЭЛОУ-АТ-2 және ЭЛОУ-АВТ-3 секілді қондырғылардың жабдықтары жаңартылмақ.

Тиімділікті арттыру жобасын іске асыру нәтижесінде ашық түсті мұнай өнімдерін, яғни автобензин, дизель отыны, реактивті отын, сұйытылған газды шығару көлемі өседі. Сонымен қатар атмосфераға ластаушы заттардың шығындарын азайтуға мүмкіндік туады.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов