Олжас Бектенов елорданың бірқатар нысандарын аралады

Премьер-Министр Олжас Бектенов елорданың бірқатар инфрақұрылымдық, әлеуметтік және мәдени нысандарын аралады.

«Интернациональный» тұрғын алабындағы нөмірі үшінші сорғы-сүзгі станциясының жұмысымен, Төле би көшесінің бойында салынып жатқан 2 мың оқушыға шақталған жайлы мектептің құрылысымен танысты. Білім ошағы тамыз айында пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, үкімет басшысы Тәуелсіздік сарайы мен «Қазанат» ипподромының аумағындағы жөндеу жұмыстарын тексерді. Олжас Бектеновке втожолдарды күрделі жөндеу және кәріздік жүйелерді жаңғырту жоспарлары туралы ақпарат берілді. Биыл «Тұран» газ жылу станциясының екінші кезегін, «Тельман» станциясының бірінші кезеңін және 3-ші Жылу электр орталығының көмір бөлігін аяқтау жоспарланған. 2-ші Жылу электр орталығын кеңейту жобасы мен «Оңтүстік-Батыс» станциясын жобалауды да осы жылы бастау көзделіп отыр.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:

- Былтыр ауызсумен қамтамасыз етуде мәселелер болды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде белгілі қор қалыптастырылды. Осындай жағдайлар қайталанбас үшін әрқашан инженерлік инфрақұрылымды алдын ала дамытып отыру керек. Астанада бұндайға жол беруге болмайды.