Жамбыл облысында 80 дәрігер жетіспейді

Мысалы, Шу ауданындағы 4 ауылға бір маман қызмет көрсетеді.

Оған қоса Жиделі ауылында жаңадан ашылған медициналық пункт жылусыз отыр. Медицина саласындағы мәселелер қалай шешілмек?

Жиделі – Шу қаласынан шалғай орналасқан ауыл. Халыққа сапалы медициналық көмек көрсету үшін елді мекенде 2 ай бұрын дәрігерлік амбулатория ашылған. Бірақ 110 миллион теңгеге салынған нысан жұмсалған қаржысына татымайды. Іші азынап тұр. Мейірбикелер сырт киіммен жүруге мәжбүр. Одан қалды қажетті құрал-жабдықтар жетіспейді. Мекеме әлі күнге дейін аудандық аурухананың қарамағына өтпеген. 

Гауһар Қасымова, учаскелік мейірбике:

- Мекеме әлі аудандық аурухананың қарамағына өтпеген соң интернет те қосылған жоқ. Рецепті де шығара алмаймын. Компьютермен жазамын, интернет жоқ, сол рецептіні шығару үшін Балуан Шолаққа барамын. Көлік жоқ бізде, жедел жәрдем жоқ. Әркім өз көлігімен барады. Мына суық жерде, әрине, ыңғайлы емес. Бүгін суық болғаннан кейін өзім де киініп отырмын.

Тұрғындарды учаскелік мейірбике қарайды. Ал ем-дом шараларын округ дәрігері атқарады. Ол жалғыз өзі 4 ауылға қызмет көрсетеді. Бәріне үлгере алмайды. Сол себепті сырқаттанған жандарға аудан орталығына бара салған оңай. 

Құрманәлі Қасым, Жиделі ауылының тұрғыны:

- Біз Балуан Шолаққа қараймыз. Өзім пенсиядамын. Сол жаққа барып көрінеміз. Ал мына жерге қалай жатасың, ертең ауырып қалсаң?! Ал балалар қалай жатады?! Әйелім де ауырады, мысалы. 

Жаңа амбулаториядағы ақауларды мердігер кепілдік аясында өзі жөндейді. Жұмыстар бір аптадан кейін басталады. Ал нысанның теңгерімге алынбауына қолданысқа беру құжаттарының дайын болмауы себеп. 

Жайдар Әйтішов, Шу аудандық ауруханасының бас дәрігері:

- Өздерінің смета бойынша осы құрылғылар болу керек деп өткізді. Енді бізге өткеннен кейін жалюзиді басқаны өзіміздің есебімізден орнататын боламыз. Негізі жобада қаралмаған деді. Біз әрі қарай қажетті құрал жоқ, өзі Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына байланысты жоқ құрал-жабдықты өзіміз жабдықтайтын боламыз.

Ауыл-аймақтардағы дәрігер тапшылығын денсаулық сақтау басқармасы растап отыр. Қазір ауылдарда 48, ал қалаларда 32 маманның орны бос. Әсіресе жалпы практикалық дәрігер, акушер-гинеколог, анестезиолог-реаниматолог, радиолог пен офтальмологтар қажет. Мәселені шешу үшін жергілікті билік өз бюджетінен болашақ мамандарға оқу грантын ұсынған. 

Толқын Өмірбаева, Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Биыл республикалық бюджеттен 80 орынға жергілікті бюджеттен 77 орынға осындай грантқа өтінім берілді. Осы бюджет есебінен резидентураны бітіргендерден 2024 жылы 30 дәрігер, 2025 жылы 16 дәрігер, 2026 жылы 10 дәрігердің өңірге жұмысқа келуі, орналасуы күтіліп отыр.

Бұл бастама біртіндеп нәтижесін көрсетіп келеді. Соңғы 2 жылда әкімдік грантында оқыған 35 дәрігер жұмысқа орналасқан. Оған қоса 56 дәрігер резидентурада оқып жатыр.

Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә.