Тұрмыстық жанжал. Бір жылда 69 әйел мен 7 бала қаза тапты

Тұрмыстық өмірде түсінісе алмай, тығырыққа тірелген отбасылар жыл сайын көбейіп келеді.

Былтыр отбасылық тұрмыстық әкімшілік құқықбұзушылық 90% көбейген. Мәселен, 2022 жылы 25 мың құқықбұзушылық тіркелсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 47 мыңға жеткен. Қылмыстық істер де қарқын алды. Тұрмыста қорлық көріп, ерінен зәбір шеккен әйелдер мен әке қатігездігінің құрбаны болған балалардың мәселесін әріптесіміз Шернияз Жалғасбекұлы зерттеп көрді.

Күйеуінің күн көрсетпейтінін көрді, кейін оған көнді, көнген еді, одан сайын көресіні көрді. Иә, елде «баламның бақыты басымның амандығынан артық» деген көп әйел ерінің езгісіне еріксіз көніп келеді. Ең қиыны, кейде бұл көнбістіктің арты кісі өлімімен аяқталатын жағдайлар да болады. Былтыр елде 69 әйел мен 7 бала қарабауыр ер-азаматының қолынан қаза тапты. 

Нәзипа Шанай, ҚХА Аналар кеңесінің төрағасы:

- Зорлық-зомбылықтың ең сорақысы ауылдық жерде болып жатыр. Ауылда бір полицей болатын болса, ол полицейге жаңағы зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелге бара алмайды. Себебі бір ауылдың ішінде бәрі бір-біріне таныс, туыс. Барғанның өзінде «қойшы, ертең жарасып кетесіңдер» деп, міне,  солай өмір өтіп жатады. Кейде өлімге әкеліп соғатын жағдайлар да кездеседі.  

Былтыр елде 99 мың тұрмыстық жанжал тіркелген. Отбасын ойрандаған 79 мың озбыр әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал мыңға жуық адамның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Статистикаға сүйенсек, безбүйрек құқықбұзушылардың дені Павлодар облысында тұрады. Ал ең аз көрсеткіш Қызылорда өңірінде. Сондай-ақ 2 мыңнан аса отбасыға профилактикалық түсіндірме жұмыстары жүргізілген.

Шыңғыс Алекешев, ҚР ІІМ-нің ресми өкілі:

- 2023 жылдың қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында учаскелік инспекторлар қолайсыз жағдайдағы отбасыларға 67343 тексеру жүргізіп, арнайы әлеуметтік көмекке мұқтаж 2349 отбасын анықтады. 2024 жылдың қаңтар айында осындай 325 отбасы анықталды. Оларға әлеуметтік көмек көрсету үшін мүдделі мемлекеттік органдарға ақпарат жіберіледі.

Былтыр адам денсаулығына аса ауыр және орташа зиян келтірген 700-ге жуық іс тіркелді. Ал адам өмірін қиғандар – 108, өлтіруге оқталғандар – 17. Тізбектей берсең, денең түршігетін тұстар жетерлік. Бұл сандар алда өсуі де мүмкін. Себебі бұрын денсаулығына кішігірім зиян келтіру бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделсе, енді оның сұрауын қылмыстық деңгейге көтеру қажет.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық

Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру – 337 іс;

Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру –  336 іс;

Адам өлтіру – 108 іс;

Абайсызда денсаулыққа зиян келтіру – 19 іс;

Адам өлтіруге дайындалу және оған оқталу – 17 іс;

Қажетті қорғаныс шегінен шығу кезінде денсаулыққа ауыр зиян келтіру – 17 іс.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бұл жердегі басты мәселе, қоғамда соңғы бір жылда, тіпті алты айдағы қоғамдағы резонансқа байланысты қоғамның сұранысы бар, заңдағы жазаны қатаңдатуға байланысты. Соған қатысты осындай шараларға барып отырмыз. Бүгінгі таңда әйелдердің құқығын қорғау және балалардың қауіпсіздігін сақтау аясында жалпы мына денсаулыққа қасақана зиян келтіру және ұрып-соғу баптары криминализацияланып, Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінен Қылмыстық кодексіне енгізіліп отыр. 

Әйелінің басына әңгіртаяқ ойнатып, баласын да соғып жіберуге дайын тұратындарға айыппұл салуды көздедік, бірақ ақылынан бұрын ашуы даяр доқ көрсететіндерді бұл да тоқтатпады. Сан да, сома да өсіп барады. Мәселен, былтыр үйінде жанжал шығарған 250-ге жуық адамға 5 млн теңге айыппұл салынған. Ал ол алдыңғы жылы екі есе аз еді.

Авторы: Шернияз Жалғасбекұлы.