Тыйым салынған жерге қоқыс тастаудың айыппұлы артады

Рұқсат етілмеген жерге қоқыс тастағандарға салынатын айыппұл артпақ.

Енді қоршаған ортаны ластаған жеке тұлғалар 50-200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалайды. Бұл шамамен 180 мың мен 700 мың теңге арасында. Сондай-ақ жауаптылар шағын кәсіпкерлерге 750, ал орта кәсіпкерлік нысандарға 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін  айыппұл салуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәлімдеді. Айтуынша, елде 3 мыңнан астам полигон бар. Оларға жыл сайын 4 млн тонна  қоқыс жиналады. Жиналған қалдықтардың тек 24 пайызы ғана қайта өнделеді.

Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:

- 2023 жылы Ғарыштық мониторинг қорытындысы бойынша 5534 қалдықты рұқсат етілмеген орынға орналастыру фактісі анықталды. Әкімдіктер онның  86 пайызын жойды. Құқық қорғау органдары мен әкімдіктерінің бірлескен жұмыстарының нәтижесінде соңғы 4 жылда рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері азайғаны байқалады.